Бұл соңғы 7 жылда болмаған жағдай
Саяси дағдарыс аясында Беларусь банктерінің клиенттері есеп-шоттары мен депозиттерінен 1 миллиард доллар шетелдік валюта мен беларусь рублін алып кетті, деп хабарлайды РБК. Осы қарқынды тоқтату үшін қаржылық ұйымдар ұлттық валютадағы депозиттер бойынша мөлшерлемені жылдық 20%-дан асырып үлгерді
Ұлттық банктің мәліметінше, тамыз айында Беларусь тұрғындары банктерден $624,3 млн алды. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша есеп-шоттардағы және депозиттердегі валюталық жинақтар көлемі $6,48 млрд құрады, бір айда бұл көрсеткіш 8,8%-ға төмендеді. Бас банктің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бұл – 2003 жылдан бері Беларусь банктерінен шетел валютасының рекордтық шығарылуы. Өткен айда валютамен депозиттер көлемі 2013 жылғы мамыр айындағы деңгейге дейін төмендеді.
Тамыз айында ел тұрғындары несиелік ұйымдардан 975,4 миллион беларусь рублін (379,4 миллион доллар) алды, бұл 2016 жылғы ақша реформасы мен рубль номиналын жүргізген кезден бастап рекордтық ақша ағымы. Аударылатын депозиттердегі қалдықтар (карталық және ағымдағы шоттар) өткен айда 704,6 млн рубльге азайды (–21%), клиенттер мерзімді депозиттерден 270,8 млн рубль алып кеткен (–5,5%). Тамыздағы шығыс 2020 жылғы наурызда дағдарыс индикаторларынан асып түсті, бұл кезде клиенттер 649,6 миллион беларусь рублін есеп-шоттарынан және депозиттерінен шығарған болатын.
Еске салайық, 9 тамыздан бастап Беларусьте президенттік сайлау нәтижелерімен келіспейтіндердің наразылығы жалғасып жатыр. Саяси дағдарыс жағдайында халық банктерден қаражаттарын белсенді түрде алып, сонымен қатар, қолма-қол шетел валюталарын сатып алған. Ұлттық банктің мәліметінше, тамызда тұрғындардың валютаны таза сатып алуы алдыңғы жеті айдағы 874 миллион доллармен салыстырғанда 622 миллион долларды құрады.