Алматыда жүгері сатқан жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Ол Тұңғыш Президент саябағының алдында рұқсатсыз жүгері сатқан
Алматыда ыстық жүгері сатып тұрған жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Полиция қызметкерлері ер адамды заңсыз сауда жасағаны үшін тұтқындаған. Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, осыған дейін сатушы рұқсат етілмеген жерде сауда жасағаны және тәртіп сақшыларының талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ер адам тыйым салынған орында сауда жасауды жалғастыра берген.
«102 нөміріне Дулати көшесінің бойында саудаға тыйым салынған жерде сауда болғаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына учаскелік инспектор келді. Азаматтардың хабары расталды. Әкімшілік хаттама жасамақ болған кезде Д. мырза полиция қызметкеріне физикалық қарсылық көрсетіп, оған дене жарақатын салған. Күдікті ұсталды және ПБ-на жеткізілді », - деді Бостандық аудандық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.
Бұл факт бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкіліне қарсы күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалған.