Құқық бұзғандарға әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды
12 қыркүйек күні сағат 23:55-те Шымкент қалалық әуежайының Желілік полиция бөлімшесіне «Fly Arystan» әуе компаниясының өкілінен «Шымкент - Нұр-Сұлтан» бағытындағы рейстің салонында құқық бұзғандардың бар екені туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік полицейлері тексеру барысында орын үшін туған жанжал кезінде өздерін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан 34 және 40 жастағы екі азаматты анықтады.
Акт бойынша екі құқықбұзушы әуе кемесінен түсірілді.
«Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің екі бірдей бабымен, атап айтқанда ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 бөлігімен яғни, ұсақ бұзақылық және ҚР ӘҚБтК-тің 566-бабымен яғни, әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқықбұзушыларға әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Ұсақ бұзақылық бойынша материал Шымкент қалалық мамандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Жыл басынан бері көлік полицейлерімен түрлі құқықбұзушылықтармен 30 000-нан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.