Қыздарды Бахрейнге сексуалды құлдыққа сатып келген қылмыстық топ ұсталды
Қылмыскерлер қыздарға шетелде жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі бар екенін айтқан
ІІМ қызметкерлері құрамына Қазақстан, Ресей және Бахрейн Корольдігінің азаматтары кірген қылмыстық топтың заңға қайшы әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қылмыстық топ адам сатумен, әсіресе Бахрейнде сексуалды қызмет көрсету үшін кәмелеттік жасқа толмағандарды сатумен айналысқан. Көп уақыт бойы олар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен халықтың осал тобына жататын отбасылардың 16-25 жас аралығындағы қыздарын іздестірумен, әрі қарай жұмыс күші ретінде тартумен айналысып келген. Қылмыскерлер қыздардың сеніміне кіріп, шетелде жалақысы жоғары жұмысқа тұру мүмкіндігі бар екенін айтқан. Кейіннен келісімге келген соң, паспорт жасаумен, Қазақстан шекарасынан Бахрейнге заңды түрде өткізу мәселелерін шешкен», - деп жазылған ақпаратта.
Жұмысқа тартылған әрбір қызды қылмыскерлер Бахрейнде 5-тен бастап 15 мың АҚШ долларына дейін сатқан. Манамаға жеткізілгеннен кейін олар қыздардың паспорттарын тартып алып, бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Тыңдамаған жағдайда физикалық күш қолданып, 500 мың теңгеге дейін жететін ақшалай айыппұл салып, басқа сутенерларға сатып жіберетінін немесе Бахрейнде жезөкшелікпен айналысатындар жауапқа тартылатынын алға тартып, құқық қорғау қызметкерлеріне тапсыратынын айтып қорқытқан.
Ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды.