Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Павлодар облысында жұмыс істеп тұрған бірнеше шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан ірі қара мал сатып алу үшін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттен жалпы сомасы 233 миллион теңге көлемінде субсидия алғаны анықталды. Алайда қаражат мақсатты жұмсалмаған. Тексеріс жұмыстары қожалықтардың кейбірі көршілес мемлекеттен мал әкелмегенін анықтады, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Экономикалық тергеу қызметі көлеңкелі экономикамен күреске қайта бағыттау тапсырмасын іске асыру шеңберінде ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері «Қазына» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, облыстың агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады.
Субсидиялар алу өтінімдеріне және ірі қара мал сатып алу-сату шарттарына сәйкес, 2018-2019 жылдары облыс агрокәсіпкерлері Ресей кәсіпорындарынан «Герефорд» тұқымды 1447 бас ірі қара мал сатып алып, Қазақстанға әкелген. Алайда, Ресейдің уәкілетті органдарының мәліметі бойынша, мал эскпортын қазақстандық бірқатар шаруа қожалықтары жүзеге асырмаған.
«Тінту жүргізу барысында мөрлер, оның ішінде РФ уәкілетті мемлекеттік мекемелерінің таңбалары, кеңсе жабдықтары, ақша қаражаттары, бухгалтерлік және басқа да құжаттар тәркіленіп алынды. Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөліміне сәйкес іс қозғалды. Айыптылардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылуы мүмкін. Бүгінгі таңда күдіктілер 96 млн теңгеден астам сомада келтірілген залалды республикалық бюджетке өтеді. Тергеу амалдары жалғасуда», - делінген ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО