Қарағандыда 35 адамды алдаған алаяқ әйел ұсталды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды

Қарағандының полицейлері 35 адамды алдаған алаяқ әйелді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылдың маусым айында Қарағанды қаласының ПБ кезекші бөліміне пәтер жалдау жөніндегі хабарлама бойынша белгісіз әйелмен телефон арқылы келіскені туралы қала тұрғыны жүгінді. Ол алдын ала 20 мың теңге аударған, бірақ жалға беруші ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған. Осыған ұқсас арыздармен қала полициясына бірнеше кісі жүгінген.
Бір жарым жыл бойы пәтерді жалға беру немесе жиһазды сату сылтауымен, өзінің абоненттік нөмірлерін көрсетіп, интернет парақшасында хабарламалар берген, алайда кепілақыны алысымен арызданушыларды алдап және сенімдерін теріс пайдаланған 27 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын 8 қыркүйек күні Қарағанды қаласының ПБ криминалдық полициясының қызметкерлері ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алды.
«Тергеу барысында әйелдің алаяқтық қақпанына 35 адам түскен, оның біздің қаламыздың ғана емес, Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарын да алдағаны анықталды. Жәбірленушілерге келтіріген зиянның жалпы сомасы 1,5 млн теңгені құрады. Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасының ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды», – деді Қарағанды қаласы ПБ бастығы Думан Қожахметов.
Қарағанды қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардан интернетте қырағылық танытып, күмән тудырған келісімдерден бас тартуларын сұрайды.