Ақтөбеде соңғы кездері жігіттердің жоғалуы жиілеген

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері Ақтөбеде 49 адам із-түзсіз жоғалған

Фото: kaz.nur.kz

Ақтөбеде соңғы кезде әлеуметтік желі арқылы жақындарына іздеу салатындар көбейген, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Әсіресе отызға жетпеген жігіттердің жоғалу фактілері жиілепті. Жақындарын жоғалтқан жандарға еріктілер жәрдемдесуі қалыпты жағдайға айналды.

25 жастағы Самұрат Есетов тамыздың 25-і күні, күндіз жұмысқа кеткен. Бірақ содан бері үйіне оралмапты. Жақындары жауынан гөрі, досы көп жігіттің қайда екенін білмей дал.

«Ол баланың ішімдікке әуестігі жоқ еді. Темекі тарпайды. Жат қылықтан аулақ. Жолдастарының арасында белсенді, беделді, барлығының қамын ойлап жүреді. Осы баламды көрген-білгендер болса хабарласуын сұраймын», - деді жоғалған жігіттің анасы Жібек Мырзағалиева.

Жергілікті полиция дерегінше, жыл басталғалы Ақтөбеде 49 адам із-түзсіз жоғалған. Оның жартысынан көбі тепсе темір үзетін жастар. Арасында жүйке ауруымен ауыратын, ұмытшақ сынды дерті бар қариялар да бар. Еріктілер жас жігіттердің үйден кету себептері әртүрлі дейді.    

Қазір өңірдегі барлық әлеуметтік желіде бес адамға іздеу салу қарқынды жүріп жатыр. Бірі жұмысқа, енді бірі дүкенге кетіп, оралмаған. Полицейлер жақындары жоғалған жағдайда дереу полицияға хабарласуды сұрайды.  

Жалпы, ел аумағында он үш мыңнан астам адам жоғалғандар қатарында тұр. Ал статистика бойынша  жыл сайын бір мыңнан бір жарым мыңға дейін адам із-түзсіз кетеді. Оның 20 пайызы – балалар. Бір Ақтөбенің өзінде соңғы бес жылда бір жарым мыңнан астам адамға іздеу жарияланған.