$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.09.2020, 08:47
Оқиғалар

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» сыраханасындағы отырыс атыспен аяқталды

Бұл тұрғын үй кешенінде 20 мыңнан аса адам тұрады

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» сыраханасындағы отырыс атыспен аяқталды
Фото: ашық дереккөзден

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» кешенінің тұрғындары жабылып жүріп, сырахананы жапқыза алмады. Карантинді пысқырмай, ала жаздай мазаны алғаны өз алдына, енді клиенттері топтасып төбелесіп, тіпті қару қолданатын болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бұл тұрғын үй кешенінде 20 мыңнан аса адам тұрады. Онсыз да адам қарасы көп жиылған жерде карантин уақытында жағдай тіптен ушыққан. Шектеуге шекесінен қараған кәсіпкерлер сыра сатуын күндіз-түні тоқтатпаған. Ащы суға елірген клиенттері түнімен ұйқы бермейді. Бірнеше күн бұрын ғана осындай көңілді отырыстың соңы атыспен аяқталған.

«Атыс болды. Травматикалық қарудан ба, білмеймін. Бірақ атып жатқан кезде ұшқын шығып жатты. Балконға шығып қарадық. Түн ортасында шудан оянып, қарасақ, 5-6 жас бала жүр. Сырахана қожайыны, ол кісінің жұбайы, барлығы бір-бірімен ұрсысып, айқайласып, төбелесті», - дейді Динара Дүйсебаева.

Аулада атыс болғаны жайында әлеуметтік желіде тараған ақпаратты ести сала, Полиция департаменті істі анықтауға кіріскен. Тентек те алысқа ұзай алмапты.

«Жедел іздестіріп, 26 жастағы жергілікті тұрғынды таптық. Пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген жерде, яғни «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағында қолданғаны белгілі болды», - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.

Ал кешендегі ығы-жығы жұртқа сыраханалардың маңайдағы ауылдардан жиналатын клиенттері қосылған. Түн ұйқысы бұзылған тұрғындар бұған тыйым салынсын деп отыр.

«Көлікпен келеді, музыканы қатты қойып қояды. Бұл жерде кәрі кісілер, ауырып жатқан адамдар, жас балалар бар, ұйқысы бұзылды. Тәртіп деген жоқ», - дейді Мәулетхан Закарияұлы.

Әзірге тұрғындар кешкі рейдке өздері шығып жүр. «Сырахана жұмысына түпкілікті тоқтау болмаса, тексерісті өзіміз жалғастыра береміз» дейді олар.

Серіктес жаңалықтары