Ақмола облысында жас жігіт өз әжесін өлтірді деген күдікпен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

87 жастағы кейуана ауыр дене жарақаттарынан көз жұмған

Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс тіркелді. 87 жастағы кейуана өлімі талайды көрген тәртіп сақшыларының да төбесінен жай түсіргендей болған. Полиция қызметкерлері өз әжесін айуандықпен ұрып өлтірді деген күдікпен жиырма жеті жастағы жігітті ұстады, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

87 жастағы кейуана ауыр дене жарақаттарынан көз жұмған.

Осы жылдың 7 қыркүйегінде Ақмола облысының Целиноград аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне Нұресіл ауылының 27 жастағы тұрғыны өз үйінен 87 жастағы туған әжесінің мәйіті табылғанын хабарлаған телефон хабарламасы түседі. 

Оқиға орнына дереу келіп жеткен тәртіп сақшылары қарияның ұзақ уақыт бойы маскүнемдікке салынған немересімен бір үйде тұрып жатқанын анықтады. Сот-медициналық сараптамасының қорытындыларына сәйкес кейуананың өлімі ауыр дене жарақаттарының салдарынан болғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық оқиға бойынша барлық фактілер зерттелу үстінде, - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Пинчук. 

Қанды қылмыстың бетін ашу үшін арнайы жедел топ құрылып, оған қылмыстық жедел іздестіру топтары мен тергеу жұмыстарында ұзақ жылдар қызмет атқарған тәжірибелі полиция қызметкерлері кірген. 

Тергеу амалдарын жүргізу барысында полицияға арыз берген қарияның немересінің өзі әжесін өлтірген деген айып тағылып, күдікті ретінде қамауға алынды. 27 жастағы жігіт осыған дейін де алаяқтық, тонау және озбырлық қылмыстары үшін бірнеше мәрте жауапкершілікке тартылған. Марқұм кейуананың немересіне қатысты полицейлер қылмыстық кодексінің 99 «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы