«Үй әперемін» деп жұртты тақырға отырғызған алаяқ ұсталды
Қаскөйдің әрекетінен Қазақстанның түрлі өңірінің тұрғындары зардап шеккен
Бірнеше қаланың тұрғындарын «жаңа баспана әперемін» деп жалған уәде беріп, тақырға отырғызған астаналық күдікті ұсталды. Ол ескі үйлердің иелерімен байланысқа шығып, өз қызметін ұсынған. Жапа шегушілер еш ойланбастан, желінің ар жағындағы «жанашыр азаматтың» айтқанына көніп, есепшотына қолда бар қаражатын аударып берген, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жапа шегушілердің арасында Петропавл қаласының үш тұрғыны бар. Олар алаяқтың шотына жалпы сомасы 5 миллион теңгені аударып жіберген. Қызылжарлық тәртіп сақшылары астаналық әріптестеріне ірі көлемде жасалған бірнеше алаяқтық фактісін тергеу ісіне көмектесуде. Қаскөйдің әрекетінен Қазақстанның түрлі өңірлерінің тұрғындары зардап шеккен.
Қылмыскер жоспар бойынша бұзылуы тиіс ескі үйлердің иелерімен байланысқа шығып, оларға «жаңа салынып жатқан баспаналардан пәтер алуға көмектесемін» деп уәде еткен. Ол үшін бастапқы жарна салу және «қол ұшын бергеніне» аздаған сома төлеу қажеттігін айтқан. Жалған уәдеге алданғандар алаяққа ақша аударған. Нұр-Сұлтан қаласының 1986 жылы туған тұрғынын астаналық полицейлер ұстап, петропавлдық тәртіп сақшылары тіркелген эпизодтар бойынша материалдарды табыс еткен.
«Қазір алаяқтар заманауи технологияға сүйене отырып, интернеттті және өз құрбандарының шотына қашықтан қолжеткізу мүмкіндігін пайдаланады. Сонымен қатар, бүгінге дейін бұрыннан келе жатқан алдау тәсілдерін қолдануда. Олардың арасында тұрғын үй аумағын тиімді сату-сатып алу, қажетті құжаттарды жасауға «көмектесуге» немесе ақшаны айналымға жіберуге уәде беру – алаяқтар өз құрбандарының сеніміне кіріп, қызмет алуды тездету үшін ақша талап етеді. Адамдарды аса сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бөгде тұлғалардың оларға ақша аударуы туралы ақпаратты мұқият тексеруге шақырамыз», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.
Жыл басынан СҚО полицейлері 189 алаяқтық фактісін ашты.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО