Елімізде демалыс орындарындағы қайықтар мен шағын кемелердің көбі заңсыз қызмет еткен – Көлік комитеті
Рейд жүргізген мамандар 550-ге жуық заң бұзушылықты анықтады
Биыл 1-31 тамыз аралығында еліміздегі су қоймаларына рейдтік тексеру жүргізген Көлік комитеті шағын кемелер мен қайықтардың, катамаран, скутер секілді су көліктерінің қызметі заңсыз жүргізілгенін анықтады.
Іс-шара мақсаты – шағын көлемді су көлігін қауіпсіз пайдалануды, еліміздің су қоймаларындағы көпшілік демалатын аймақтар мен орындарда адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Қауіпсіздікті қадағалау барысында 2300-дей шағын көлемді кеме, гидроциклдер, катерлер мен моторлы қайықтар тексерілген. Тексеру нәтижесінде, 548 заңбұзушылық анықталған. Комитет Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарының аумағындағы көлдерде су көліктері заңсыз жұмыс істейтінін мәлімдеп отыр.
«Кемелерді жеке құтқару жабдықтарынсыз пайдаланудың – 203 оқиғасы, кемелерді құжатсыз пайдаланудың – 71 жағдайы, кеме басқару құқығын беретін құжатсыз пайдаланудың 42 оқиғасы анықталған. Көлік комитетінің аумақтық органдары шағын көлемді флоттың қауіпсіз пайдалануын реттейтін заңнама талаптарын түсіндіру бойынша шағын кеме иелерімен, база-тұрақтарының және демалыс аймақтарының иелерімен профилактикалық жұмыстарды өткізді», — деді комитеттің баспасөз хатшысы Дархан Кәрібаев.