Ақмола облысында екі бірдей бала трактордың астына түсіп кетті

Оқиға Қорғалжын ауданында болған

Ақмола облысында екі бірдей бала трактордың астына түсіп кетті
Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында орақ науқаны қызған шақта оқыс оқиға орын алды. Шөп тіркемесінің астына түскен екі баланың бірі сол жерде жантәсілім етсе, екіншісі ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі баланың үлкені сегіз, кішісі бес жаста болған.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға қыркүйектің 6-сы күні Қорғалжын селосында болған.

Балалар ауылға қарай жүріп келе жатқан шөп тиелген трактор тіркемесіне секіріп шығамын деп, тепе-теңдік ұстай алмай дөңгелектің астына түскен. Трактордың астына түскен 8 жасар ер бала оқиға орнына бірден көз жұмды. Ал  бес жасар қыз Нұр-Сұлтан қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Трактор жүргізушісінің алкогольді ішімдік ішпегені анықталды.

«Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 345 «Көлік басқарған тұлғалардың жол-көлік қозғалысы ережелері мен көлікті қолдану ережелерін бұзуы» бабының 3 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп, аталған оқиға бойынша барлық тиісті шараларды жүргізетін болады», - деді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Тәртіп сақшылары ауылдық жерлерде тұратын ата-аналарға әсіресе, шөп шабу және егін орағы науқаны кезінде балалардың қауіпсіздігіне аса сақ болу қажеттігін ескертеді.

«Күн сайын балаларға жолдағы қауіп-қатер туралы ескертіп, көшедегі жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы ескертуді ұмытпаңыз. Балаларға әрқашан назар аударып, қауіпсіздігіне аса мән берген жөн», - дейді полицейлер.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.