$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.09.2020, 10:09
Оқиғалар

Алматыда сантехник бір отбасын пышақтап тастады

Күдікті ұсталып, қамауға алынды

Алматыда сантехник бір отбасын пышақтап тастады
Фото: ашық дереккөзден

Алматыда сантехник бір отбасын пышақтап тастаған, деп хабарлайды Астана телеарнасы. Көршілердің пайымынша, қылмысқа ақша себеп болуы мүмкін. Ал ресми орындар тергеу басталғанын ғана хабарлады. Полиция күдіктіні ұстаған. Оның бұрын да қылмыс жасап, сотталғанын анықтапты.  

Оқиға екі қабатты үйде болған. Куәгерлердің айтуынша, сантехник азамат сол күні пәтерге жөндеу жұмыстарын жасауға келген. Артынша үй иелерімен сөзге келіп қалған.

Оқиға куәгері Оксана Феллер, қанды оқиғаны көзімен көрген. Содан болар әлі күнге қорқынышпен еске алады. Сол сәтте пәтерде анасы мен оның 32 жастағы қызы болған.

«Марқұм Инна сантехник азаматты ғаламтор арқылы тапты. Бір күн бұрын шақырып, алдын- ла 250 мың теңге төлемін берді. Негізі, араларында ақшаға бола ұрыс болды дегенмен келіспеймін. Керісінше, қаскөй бұлардан ақша ұрламақ болған. Сондықтан бәрін пышақтап тастаған», - дейді куәгер Оксана Феллер.  

Арадағы түсініспеушілік кезінде қаскөй үй иесінің 32 жастағы қызына пышақ сұққан. Оның денесін тіліп тастаған дейді кәугер. Оған көмекке ұмтылған анасы мен көршісін де жарақаттапты. Көршілерінің айтуынша, марқұм 12 жыл бойы жедел-жәрдем қызметінде істеген. Қызын құтқармақ болған анасының да жағдайын дәрігерлер тым ауыр деп отыр. 35 жастағы көршісі де ауруханада жатыр.   

«Жүректің сол жақ қарыншасының жарақатымен, сол жақ кеуде қуысының пышақпен кесілген бірнеше жарақаттары, сол жақ өкпенің төменгі бөлігінің жарасы, мойын тамыры мен шаптың пышақпен жараққаттануы болған. Науқас реанимациялық бөлме жағдайында ем алуда. Жалпы, жағдайы ауыр», - деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы баспасөз қызметінің маманы Ақшолпан Жүсіпова.

Қалалық Полиция департаменті, күдіктінің бұрын сотты болғанын айтып отыр. Тергеу кезінде ол өз кінәсін толық мойындады дейді.

«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Азамат қамауға алынды. Пышақ бойынша арнайы сараптама тағайындалды. Бұрын бұл азамат мүліктік қылмыстар жасағаны үшін істі болған», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір күдікті азаматқа қатысты «адам өлтіру»  бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал мәйіт пен жарақат алған жандарға сот медициналық сараптамасы тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары