Инвестициялар және инновациялық даму министрлігінің басқарма басшысы 8 жылға сотталды
Ол жалпы сомасы 6 млн 180 мың теңге пара алған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрын аяқталған қылмыстық істері бойынша 11 адамға қатысты айыптау үкімі шықты. Бұл туралы Antikor News жобасының тікелей эфирінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«11 адамның 5 – і әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сонымен қатар, лауазымды тұлғаларға пара беру фактісі бойынша 4 адам, алаяқтық фактісі бойынша 2 адам сотталды. 2 айыпталушы бас бостандығынан айырылса, 3-еуінің бас бостандығына шектеу қойылды, 6-ына еселенген айыппұлдар салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 30,4 млн теңгені құрады», - деді Қуаныш Жапақов.
Оның айтуынша, пара алудың 6 эпизоды бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және инновациялық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы А.А. Ли 8 жылға сотталды. Ол техникалық қадағалау және тексеру бойынша аккредиттеу туралы куәлік алуға көмек көрсеткені үшін құрылыс саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінен жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді. Алынған параның жалпы сомасы 6 млн 180 мың теңгені құраған.