Алматыда жезөкше ұстайтын 11 притон әшкереленді

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Фото: polisia.kz

Түрксіб ауданының тәртіп сақшылары Алматыдағы Сейфуллин даңғылы бойындағы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, көшені жеңіл жүрісті қыздардан тазарту бойынша қандай шара қолданылып жатқанын айтты.

«Жергілікті полиция бөлімі, сондай-ақ қалалық криминалдық полиция өкілдері жезөкшелікпен айналысатын адамдарды және оларға кәсібін жүзеге асыру үшін үйін беретіндерді анықтау бойынша күнделікті жұмыс істейді. Күндіз де, түнде де арнайы рейд жүргізіледі. Бұл жерде тұрғындар интимдік қызмет көрсететіндер мен олардың клиенттеріне қатысты наразылық көрсетіп келген. Қазір бұл ретте жағдай жақсарды», – деді Түрксіб аудандық ПБ бастығының міндетін атқарушы Таңат Назанов.

Спикердің айтуынша, Сейфуллин даңғылында жыл басынан бері 128 іс-шара жүргізілген. Нәтижесінде, 1 125 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында жезөкше ұстайтын 11 притонның қожайындары бар, оларға 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Нақтырақ айтқанда, жезөкшелер орналасқан 2 қонақүй мен 2 тұрғын үй анықталды. Азаматтардың мазасын алғаны үшін оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабына сәйкес 191 адамға қатысты әкімшілік іс қозғалған.

«Мен Түрксіб ауданында дүниеге келдім және әлі күнге дейін осында тұрамын. Егер бұл жерде бұрын не болғанын және қазір қалай өзгергенін салыстыратын болсақ – айырмашылығы жер мен көктей. Қазір тыныш. Біз жеңіл жүрісті қыздарды көрмейміз. Бұрын клиенттер үйіліп тұратын, маскүнемдер де азайған», - деді жиынға қатысқан жергілікті тұрғын.