Сардиния аралына бара жатқан жолда өртенген мегаяхтада 8 қазақстандық турист болған
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі 26 тамызда Италияда отқа оранған шағын кемеде болған 8 қазақстандық туристке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан мен Италия арасындағы әуе қатынасының 6 айдан бері жабық тұрғаны, ал қазақстандық туристердің ол жаққа қалай барғаны жайында айтты.
«Италияда өртенген шағын кемеде болған жолаушылар Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін елден шығып кеткен болуы мүмкін», - деп хабарлайды ведомстводағылар.
Сондай-ақ ҰҚК Қазақстанда төтенше жағдай және карантиндік шектеулер енгізілген кезде кейбір қазақстандықтарға бірқатар себеп бойынша елден шығу қарастырылған. Мәселен, басқа мемлекетте тұрақты тұратын немесе көші-қон визасы бар азаматтарға, шетелге емделуге баратындарға рұқсат берілетінін айтты. Толық тізімді мына сілтемеден оқи аласыздар.
Еске сала кетейік, 26 тамызда euronews.com Италияда шағын кеменің отқа оранып, кейін суға батып кеткенін хабарлады. Бұл оқиға қазақстандық БАҚ-тарды бей-жай қалдырмады. Себебі, кемеде болған жолаушылардың ішінде қазақстандық туристер де болған.
Lady MM кемесі Капри аралынан Сардиния аралына бара жатқан жолда өртенген. Оның өртеніп, кейін суға батып бара жатқан сәтін жағалау күзеті видеоға түсіріп алған.
Апат кезінде бортта 17 адам болған. Оның сегізі – қазақстандық турист, ал қалған 9-ы – экипаж мүшелері. Олар шағын қайыққа отырып, қауіпсіз жерге шыққан. Сол жерден жағалау күзеті құтқарып алған.
Бұл ақпаратты отандық журналистер жарыса жазғанымен, өртенген кемеде болған қазақстандық туристердің кім екенін әлі анықтай алған жоқ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та қазақстандық туристер туралы телефон арқылы қойған сауалымызға тұщымды жауап бермеді.
«Италиядағы біздің елшілігімізге, жергілікті полицияға ешкім (денсаулығына немесе апатқа қатысты шағым айтып – авт.) хабарласқан жоқ. Ол азаматтардың кім екені туралы мүлде ақпарат жоқ. Турист ретінде Қазақстан азаматтарын мемлекет жібермейді, олар өздері барады», - деді Айбек Смадияров.
Деррекөздерге сілтеме жасаған KazTag агенттігінің хабарлауынша, Сардиния аралында өртеніп кеткен яхтаның ішінде Асаубаевтар отбасы болған.
«Жағалаудағы күзет өртке оранған 50 метрлік Lady MM кемесінен 17 адамды құтқарды. Оның сегізі – қазақстандықтар, қалғаны – экипаж мүшелері. Яхтаны қалпына келтіру мүмін емес. Шетелдік дереккөздердің хабарлауынша, кезінде Altyn Group Kazakhstan және «Кредит Алтын Банк» иесі болған Асаубаевтар отбасы осы яхтада демалып жүрген», - деп жазады агенттік.
Алтынды кәсіп еткен Асаубаевтар әулеті 2012 жылы Қазақстанның ең бай азаматтарының қатарында тұрған. Отбасының сол жылғы байлығы 280 млн долларды құраған еді. Кейін, «Altyn Group Kazakhstan» компаниясы ыдырап, үлесін отағасы Қанат Асаубаев, оның әйелі Маруся Асаубаева, үш ұлы – Бауыржан, Айдар және Санжар Асаубаевтар өзара бөліп алған. Отбасындағы үлкен ұл Бауыржан Асаубаев 2015 жылы Алматы облысында жол апатынан қаза тапқан.