Ақтауда дайындық кезінде парашюті ашылмай қалған әскери қызметші ауруханада көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің жағдайы ауыр деп хабарлаған болатын

фото: lada.kz

5 тамызда Ақтау қаласында ұшу құрамы парашютпен секірген кезде Мұратжан Жамауов есімді әскери қызметшінің парашюті толық ашылмай қалып, жерге қолайсыз жағдайда қонған. Сол кезде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әскери қызметшінің жағдайы ауыр деп хабарлаған болатын.

Бүгін оқыс жағдайдан ауыр жарақат алған сарбаз ауруханада көз жұмды. Бұл туралы lada.kz сайтына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған.

Басқарманың хабарлауынша, Мұратжан Жамауов 1 қыркүйекте Маңғыстау облыстық ауруханасына көз жұмған.

«Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, ол 1 қыркүйекте Маңғыстау облыстың ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Марқұмның отбасына көңіл айтамыз», - делінген басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 8 тамыз күні дәрігерлер әскери қызметшіге хирургиялық операция жасағанын хабарлаған еді.