«Құдай бізді кешірсін»: Атырау перзентханасында сәбиді тоңазытқышқа салып өлтіргендердің соты басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Медқызметкерлер баланы өлтірместен бұрын алдын ала ақылдасқан

Фото: azh.kz

Атыраудағы перинаталды орталықта жаңа туған сәбиді өлтірді деп айыпталып жатқан медқызметкерлердің үстінен сот процесі басталды, деп жазады «Ақ Жайық». Алғашқы отырысқа куәгер ретінде шақырылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі Асқарбек Ермұқашев жаға ұстатарлық жайттарды айтты.

Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға былтыр 29 қыркүйекте болған. Сол күні Атырау облыстық перинаталды орталығында науқас сәби дүниеге келіп, қызметкерлер оның шетінеп кеткенін тіркеген. Алайда, сәбиді мұздатқыш бөлмеге алып келгенде, оның аяғы қимылдап, тіршіліктің белгісін берген. Жемқорлықпен күрес департаментінің мамандары айтқандай, дәрігерлер құжаттарды қайта рәсімдемес үшін, шақалақты тоңазытқыш ішіне қалдырып кеткен.

Ермұқашевтің айтуынша, перзентхана қызметкерлері баланы қалай өлтіру керек екенін алдын ала ойластырған. Сотталып жатқан акушер Құлбатырованың қорғаушысы Талғат Мұқатанов бұл деректі дәлелдеуін талап етті. Ал тергеуші жариялауға болмайтын дәлелдердің барын айтты.

«Жария етуге болмайтын тергеу шараларының нәтижесі бар. Екі қызметкердің телефон арқылы сөйлескен жазбасы бар. Әңгіме құрамына филологиялық баға берілді. Сіздің қорғауыңыздағы айыпталушы істі жүзеге асырған. Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына сәйкес, баланы тоңазытқышқа жауып, тұншықтыру – қатыгездік болып табылады. Аудиожазбадан анықталғаны, баланы суға тұншықтыру немесе тоңазытқышқа салу таңдауы тұрған. Бірақ, суға салғанда баланың өкпесінен су анықталып, қылмыстың арты ашылады деп қауіптеніп, тоңазытқышқа салу деген шешімге келген. Яғни, біраз уақыт бойы тірі бала тоңазытқышта жатқан, оған ешқандай көмек көрсетілмеген. Міне, осы – дәлел», - деді тергеуші.

Оның айтуынша, медқызметкерлердің телефон арқылы болған әңгімесінде олар өзара ақылдасқан және «Құдай бізді кешірсін» деп айтқан. Бұл олардың қылмысты әдейі жасағанын көрсетеді дейді Ермұқашев.