СҚО-да балабақшада химиялық зат ішіп қойған бала 4 айдан бері ауруханада жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл іске айыптылар әлі жауапқа тартылмай отыр

Солтүстікқазақстандық 5 жасар Максим Бардин 4 айдан бері өмір мен өлім арасында арпалысып жатыр. Оған бүлдіршіннің балабақшада химиялық сұйықтық ішіп улануы себеп болған. Өңеші мен асқазаны күйіп қалған науқасқа мамыр айынан бері бірнеше рет ота жасалды, ал бұл іске айыптылар әлі жауапқа тартылмай отыр, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy»  тілшісі.

«БІР СӘТТЕ ӨМІРІМДІ АСТАҢ-КЕСТЕҢ ЕТТІ...»

Келеңсіз оқиға Есіл ауданына қарасты Николаевка ауылындағы «Бөбекжан» балабақшасында болған. Сәбидің анасы Наталья Топорищева қайғыдан қан жұтып отыр. Сол күнді есіне алса, көз жасын тыя алмайды.  

«Күндегі әдетім бойынша еш алаңсыз баламды тәрбиешінің қолына табыстадым. Біраз уақыт өткен соң дәрігерлер қоңырау шалып, баланың ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Мен телефон нөмірін шатастырған екен деп, «Ұлым балабақшада, сіз нөмірді қате терген боларсыз» деп қоямын. Телефон тұтқасының ар жағындағы адамның айтып жатқанын ұзақ уақыт бойы түсіне алмадым. Өкінішке қарай, ол қателеспеген екен. Уланған менің Максимім екен», - дейді Наталья.

АЙЫПТЫЛАР ЖАЗАЛАНҒАН ЖОҚ

Сол қоңыраудан кейін Наталья ұлымен бірге ауруханада жатыр. 4 айдан бері үйін көрмеген. Ауылда күйеуі мен екі баласы бар. Жұмысқа бара алмағандықтан, тұрақты табысынан да айрылған. Ал Максимге күн сайын арнайы тағам мен дәрумендер сатып алу қажет. Ол өздігінен тамақ іше алмайды. Ағзаға қажетті қоректі гастростома арқылы ғана қабылдайды.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында, биылғы жылдың 21 мамыры күні кішкентай баланың «Бөбекжан» балабақшасындағы кезекші топта болғаны анықталды. Сағат 11:30 шамасында ол жалғыз өзі дәретханаға шыққан, сол жерде байқамай тазалағыш затты ішіп қойған. Бұдан кейін, бала Явленка аудандық ауруханасына жеткізілген. «Ауыз қуысының және өңешінің  химиялық күюі» диагнозымен Петропавл қаласындағы көпсалалы  облыстық балалар ауруханасына  ауыстырылған, онда қазіргі уақытқа дейін ем қабылдап жатыр. Жоғарыда көрсетілген қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Есіл ауданының ПБ тергеу бөлімшесі жүргізуде. Келтірілген зиянның дәрежесін анықтау үшін СҚО бойынша ССИ-да сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, М.А. Бардиннің өңешінің және асқазанының беткі қабатында химиялық күйік бар», - дейді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мадина Балғашоқова.

Ал тазалағыш зат үстелдің үстінде тұрған. Оны үстелге кім, қандай мақсатпен қойғаны белгісіз.

МАКСИМНІҢ ҚАНДАЙ ХИМИЯЛЫҚ ЗАТ ІШКЕНІ БЕЙМӘЛІМ

Аталған факт бойынша Есіл ауданы полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша іс қозғалған. Мамандар процедуралық шешім баланы емдегеннен және денсаулыққа келтірілген зиянның деңгейін анықтау үшін сараптамалар тағайындалғаннан кейін ғана қабылданады дейді. Ал әзірге айыптылар қызметін жалғастырып жүр.

«Балабақшада жағымсыз оқиға болғанын естіген сәтте Николаевка ауылына бірден жеттік. Оқиғаның мән-жайын зерттедік. Ондағылар баланың әжетхананы тазалауға арналған «Утенок» құралын ішіп қойғанын айтты. Терезеде езілген дихлор да тұрды. Оны «жаңа қойдық» деп ақталды. Тәрбиешіге, дене шынықтыру мұғалімі мен тағы бірнеше қызметкерге сөгіс жарияланды. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатыр. Оған дейін ешкімді қатаң жазалай алмаймыз. Істің ақ-қарасын полицейлер ажыратады», – деді Есіл аудандық білім бөлімінің жетекшісі Гүлмира Дәуітбаева.

Наталья Топорищеваның «Бөбекжан» балабақшасына деген өкпесі қара қазандай. Меңгерушісі хабарласып, кешірім сұрауды да жөн көрмепті.

«Тәрбиеші ғана телефон соғып, көмек ұсынды. Мен бас тарттым. Ал балабақша басшылығы өздерін кінәлі деп санамайды. Тіпті, болған жағдайды маған хабарлауға жарамады. Баланы ала тартып, аудандық ауруханаға апарған. Максимнің «Утенок» ішкенін айтады. Мен оған сенбеймін. Химиялық құрамы күшті зат ішкені анық. Балам сұйықтықты жұтып қалып, есінен танып қалған», - дейді ашынған ана.

Максим есін жиғанымен, біразға дейін сөйлей алмаған. 5 жасар баланың салмағы небәрі 13 келі болып қалған.

«БАЛА МҮГЕДЕК БОЛЫП ҚАЛДЫ...»

Баланың күйіп қалған өңеші тарыла бастаған. Оны кеңейту үшін бірнеше рет ота жасалған. Әр операциядан кейін – жансақтау бөлімі. Жаны қиналған бала мен анасы әбден титықтаған. Дәрігерлер болжамы жабырқау Натальяның көңілін көншітпейді.

«Бала мүгедек болып қалды. Дәл қазіргі сәтте оның оңалып, қоғамға бейімделуі жайында айтуға болмас. Әлі қаншама емделу керек. Күйіп қалғандықтан өңеші тартылып, тыртық болып қалған. Біз алғашқы көмек көрсетіп, бірнеше ота жасадық. Ал негізгі, өңеш алмастыру отасы жасалатын болса, Нұр-Сұлтан қаласына, Ана мен бала орталығына жолдама берілуі шарт», - дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Геннадий Беляев.

Максим мен оның анасының ауруханада тағы қанша жататыны белгісіз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО