Ол несиені өзі төлейтінін айтып сендірген
Қарағандыда 26 жастағы әйел тұрғынның сеніміне кіріп, 1,8 млн теңге несие алғызып, оны төлемей қашып кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 31 жастағы әйел арызданған. 26 жастағы әйел оның сеніміне кіріп, алдағанын айтқан. Күдікті жәбірленушіні өткен жылдың желтоқсан айында қаладағы банктердің бірінен жалпы соммасы 1 млн 800 мың теңге несие алуға үгіттеп, оны өзі төлейтінін айтқан. Алғашында күдікті алынған соманың үстеме ақысын төлеп отырған. Кейін жәбірленушіден тағы да 50 мың теңге қарызға ақша алып, мүлдем байланысқа шығуын тоқтатқан», - деп жазылған хабарламада.
Бүгінде жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі үстеме пайызын қосқанда 2 млн 300 мың теңге болған. Полиция қызметкерлері күдікті әйелді ұстап, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде.