Алматы облысында автожол үстінде көкпар тартқандар жауапқа тартылды
Оған атсалысқан Бұлақты кентінің сегіз тұрғыны ұсталды
Қарасай ауданындағы автожол бойында бір топ адамның көкпар тартысқан видеосы тарады. Онда 20-30 адамнан құралған топ адам жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, Қарасай ауданының Бұлақты ауылы тұсындағы Алматы – Бішкек автожолы бойында рұқсатсыз көкпар ойынын ұйымдастырған.
Полиция қызметкерлері жол бойында жарыс ұйымдастырушыларды анықтау және оларды жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шараларды қабылдады. Қабылданған шаралар нәтижесінде, Бұлақты кентінің көкпар ұйымдастырған және оған атсалысқан сегіз тұрғыны ұсталды. Олардың барлығы аталмыш дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.