СҚО-да бірнеше дүкенді тонап кеткен криминалдық жұп ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұрлық жасаған ұйымдасқан топ барлық үш факт бойынша қылмысын мойындады

Петропавлда бірнеше дүкенді тонаған қылмыстық жұп ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Бір күнде Петропавлдағы азық-түлік дүкендерінің иелерінен бір сценарий бойынша ұрлық және тонау туралы үш өтініш келіп түсті. Маскадағы екі адам шағын азық-түлік дүкендеріне кіріп, алкоголь мен тауар ұрлаған. Ол үшін біреуі сатушыны алдап, ал екіншісі пакетпен қашып кеткен. Ең қызығы, пакетпен қашқан ұрының артынан сатушы ұстап алу үшін жүгірген кезде, екінші ұры оған көмек беруге тырысып, рөлге енген. Қарақшылар маска киіп, өздерін ешкім танымай қалады деп үміттенген»,- делінген хабарламада. 

Алайда Петропавл қаласы, екінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері видеоны мұқият зерттеп, бұрын сотталған Жұмысшы кентінің 30 жастағы тұрғынының спирттік ішімдік пен азық-түлікті ұрлап кеткенін анықтады. Вокзал маңындағы пәтерде қылмыстық жұп ұсталды. Қазіргі уақытта ҚК-тің 188-бабы «Ұрлық» және ҚР ҚК-тің 191-бабы «Тонау» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс жасаған ұйымдасқан жұп - екі ер адам да барлық үш факт бойынша мойындады. 

Айта кету керек, барлық сауда нүктелерінің иелері қылмыстарды ашуға ықпал еткен бейнебақылау жүйелерін орнатқан.