Тәжікстандағы «Ишкобод» шекара заставасына жасалған шабуыл кезінде 17 адам қаза болды
Сириядан қашқан «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары енді Орта Азияда төбе көрсете бастады. 20 адамнан құралған лаңкестік топ бүгін таң алдында Тәжікстандағы «Ишкобод» шекара заставасына шабуыл жасады. Атыс кезінде 17 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Мұздай қаруланған лаңкестер шекарашылар шырт ұйқыда жатқанда тұтқиылдан шабуылдапты. Тәжік жауынгерлері лайықты қарсылық көрсетіп, 15 дұшпанның көзін жойған. Ал бесеуін тұтқынға алған.
Тәжіктер тарапынан екі адам оққа ұшқан. Ұсталғандардың тергеу барысында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырлары екені анықталды. Сирияда күйрей жеңілген жендеттер заставадағы қару-жарақты алып, Тәжікстанда лаңкестік жасамақшы болған. Олар шекараны үш күн бұрын Ауғанстан арқылы бұзып өткен.