Үйінің ауласында қарасора өсірген ақтөбелік ұсталды
Ол жеке үйдің ауласында 20 түп қарасора бұтасын өсірген
Ақтөбелік азамат үйінің ауласында қарасора өсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері «Қарасора-2020» жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жеке аулалардың бірінде өсіруге тыйым салынған өсімдіктер өсірілетіні туралы ақпарат алды.
Жедел ақпаратты тексеру барысында «Мәскеу» ауданындағы жеке үйдің ауласында қарасора тәрізді өсімдіктің 20 түп бұтасы табылды. 41 жастағы үй иесі жеке пайдалану үшін өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді не үшін өсіргенін түсіндірді.
«Тәркіленген қарасора бұталары бойынша сараптама тағайындалды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі «құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы бері заңсыз култивирлеудің он дерегі анықталды.