Алматыда жанармай бекетіне шабуыл жасағандар видеоға түсіп қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 52 мың теңге көлемінде қаражатты иемденіп кеткен

Алматыда бетперде киген үш адам жанармай бекетінде қарақшылық шабуыл жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«2020 жылдың 12 тамызында, таңертең полицияға, бетперде киген үш адам жанармай бекетінде қарулы қарақшылық шабуыл жасағандығы туралы хабарлама келді. Жедел-іздестіру шаралары барысында бетперде киген үш ер адамның, Алматы қаласының аудандарының бірінде орналасқан жанармай құю бекетінің ғимаратына кіріп, тапаншаны қолданамын деп қорқытып, 52 мың теңге көлемінде қаражатты иемденіп, кейін белгісіз бағытта жоғалып кеткені анықталды», - деп жазылған хабарламада.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде осы қылмысты жасаған екі ер адам ұсталды. Олар Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты, біреуі бұрын сотталған, олар Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Үшінші күдіктіге қатысты оны іздеу және қамауға алу шаралары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.