Ақтөбеде покер ойынын ұйымдастырған жасырын казино анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тексеру кезінде 280 000 теңге көлеміндегі қаражат тәркіленді

17 тамызда Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Ақтөбе қаласындағы ойын-сауық кешендерінің бірінде ұйымдастырылған жасырын казино қызметінің жолын кесті.

Жедел іздестіру шаралары барысында қала тұрғынының үнемі 3 пен 9 аралығындағы ойыншыларды және ставкаларды қабылдап, карта тарататын дилердің қатысуымен «покер» ойынын ұйымдастырғаны анықталды. Сонымен қатар, жалпы банкіге салынған ставкалардың 4%-ы покер мекемесінің кассасына, яғни ұйымдастырушының пайдасына кеткен.

Тексеру барысында ойын карталарының жиынтығы, бильярд матасы, белгішелері бар покер кілемі, покер фишкаларының жиынтығы, 280 000 теңге көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. 

Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) тергеу ісі басталды.