Түркістан облысында 1 гектар жерге сора еккендердің бірі Ресей азаматы болып шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Екіншісі – бұрын сотты болған Түркістан қаласының тұрғыны

Фото: polisia.kz

Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Отырар ауданы Сырдария өзенінің жағасында бір гектарға жуық жер теліміне есірткі затына ұқсас өсімдіктіктердің егілгені жөнінде хабарлама жеткен. Тексеруге шыққан тәртіп сақшылары тінту кезінде бес мың түп есірткі затын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер «сора» болып шыққан. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелді.

Полицейлер тыйым салынған өсімдікті егіп, күтіп-баптаған екі ер адамды ұстады. Олардың бірі бұрын сотты болған, Түркістан қаласының тұрғыны болса, екіншісі Ресей азаматы болып шықты. Сондай-ақ тергеу барысында негізгі ұйымдастырушы, яғни ұсталғандарға тапсырма беріп, ектіріп, жағдай жасаған басты күдікті анықталып, ұсталды. Ол бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған, Түркістан қаласының тұрғыны екені айқындалды.

Күдіктілер қамауға алынды. 5 мың түп сора өсірілген егістік жойылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.