ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Тұрғындарды «мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамын» деп алдаған алматылық алаяқ ұсталды

Ол карантин кезіндегі жұмыссыздық факторын ұтымды пайдаланған

Фото: polisia.kz

Алматы қаласы Әуезов ауданының полиция қызметкерлері бірнеше тұрғынды «жалақысы жақсы жұмыс тауып беремін» деп алдап, алаяқтық жолмен ақшасын иемденген азаматшаны ұстады.

«Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 35 жастағы С. есімді азаматша қала тұрғындарына қарсы алаяқтық жасаған. Ол шілде айының ортасында Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында тұрып, сеніп қалуы мүмкін деген азаматтарға «Жұмыс керек емес пе?» деген сұрақ қойған. 35 жастағы әйел карантин кезінде кейбір азаматтардың жұмыстан қысқарып қалуы, уақытша жұмыссыз қалуы сияқты факторларды пайдаланған.  С. есімді азаматша – психолог, ол зардап шеккендермен тез тіл табысып, оларды жалақысы жоғары мұнай компаниясына жұмысқа орналасуға көмек бере алатынына сендірген. Сол «қызметі» үшін азаматтардан ақша алған. Нәтижесінде, жұмыс та жоқ, ақша да жоқ. Қазір бөлімге осы жағдай бойынша екі адам жүгінді», – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.

Сондай-ақ полиция күдіктінің қаланың аумағында және басқа аудандарында заңсыз әрекеттер жасаған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.