Сыныптас құрбысының сөмкесінен 1,5 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол кінәсін толық мойындады

Фото: polisia.kz

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ас бөлмеде тұрған сөмкесінен 3600 АҚШ доллары жоғалғанын, іздеп таба алмаған соң ақшасы ұрланғанын біліп, полицейлерден көмек сұраған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тіркелді.

Полицейлер жедел-тергеу жұмыстарын жүргізіп, көрген-білгендерден жауап алған. Нәтижесінде, күдікті ретінде жәбірленушінің сыныптас құрбысы анықталып, ол үйінде ұсталды.

«Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сыныптас құрбысының үйіне қыдырып келіп, білдіртпей сөмке ішінде тұрған ақшаны жымқырып кеткен. Ол кінәсін толық мойындады. Ақшаны Шымкент қаласындағы ақша айырбастау орындарының бірінде 1,5 миллионға жуық теңгеге айырбастаған. Содан соң ол ақшаны қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлайды Polisia.kz.