«Жалғыз перзентімен бірге кетті»: Ақтөбе облысында атақты дәрігер мен баласы бір күнде ажал құшқан

Автор: Бақыт Шынар

Мұғалжар ауданының жалғыз ЛОР дәрігері жол апатынан мерт болды

Фото: instagram.com/mugalzhar_rb_aktobe

Ақмола облысы Мұғалжар аудандық ауруханасының дәрігер-оториноларингологы Назгүл Кантүренова жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады.

«Қандыағаш – Шалқар тас жолында, Жұрын кентінің маңында Renault автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кетіп, көлігі аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деп хабарлайды Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал марқұм жұмыс істеген аурухана болса, дәрігерді қимастықпен еске алып, жақындарына сабыр тілеген.

«Назгүл Мұратқызы өз ісіне адал, білімі мен тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары дәрігер болды. Ол бар ғұмырын адам денсаулығын сақтауға, науқастарға көмек көрсетуге арнады. Өзінің жауапкершілігімен, мейірімділігімен және адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің құрметіне, емделушілердің алғысына бөленді. Оның өмірден мезгілсіз озуы аурухана ұжымы үшін орны толмас ауыр қаза. Біз әріптесімізді білікті маман, ақжарқын жан және айналасына әрдайым қамқорлық таныта білген аяулы жан ретінде есте сақтаймыз. Назгүл Мұратқызының жарқын бейнесі мен жақсы қасиеттері оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Осы ауыр сәтте марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына қайрат пен сабыр тілейміз», - деп жазған аурухана ұжымы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Оқи отырыңыз: Қыздарына барып келе жатқан: ерлі-зайыпты Астана – Петропавл тас жолында жол апатынан қаза тапты

Осы жазбаның астына пікір жазып, көңіл айтқан жерлестері Назгүл Кантүренова мезгілсіз өмірден озған күні оның жалғыз ұлы да өмірмен қош айтысқанын айтқан.

«Өмірдің осыншалықты қатал боларын кім білген… Өз ісіне адал, білімді, білікті маманның мезгілсіз қазасы – баршамызға ауыр соққы. Ауданымыз жалғыз ЛОР дәрігерінен, орны толмас білікті маманынан айырылды. Ал жалғыз перзентімен бірге өмірден өтуі – жүрекке сыймас қасірет…», - деп жазған жергілікті тұрғындардың бірі.

Айта кетерлігі, бұндай пікір өте көп жазылған. Бұдан басқа бірқатар БАҚ марқұмның жалғыз ұлы анасы қаза тапқан күні өз-өзіне қол салды деген ақпарат таратты. Бірақ облыстың полиция департаменті бізге бұл ақпаратқа қатысты комментарий берген жоқ.