Ақтөбелік әйелге 30 миллион теңге мен алтын берген қытайлық азамат ақшасы мен мүлкін қайтаруды талап етіп отыр
Қытай азаматы Ақтөбеден сүйген қызына үйленіп, 150 адамға арналған той өткізуді жоспарлаған. Алайда үйлену тойына аз уақыт қалғанда мейрамханада той өткізуге келісім болмағаны, ал қалыңдықтың анасы қайтыс болды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталған. Енді шетелдік азамат бұрынғы сүйіктісі мен оның отбасына берген шамамен 30 миллион теңгесі мен алтын әшекейлерін қайтаруға тырысып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде Қытайдың 35 жастағы азаматының Ақтөбеде тұратын бұрынғы сүйіктісі мен оның отбасына қатысты оқиғасы талқыланып жатыр. Ер адамның айтуынша, ол үш жыл бойы қыздың шығындарын көтеріп, жақындарына да қаржылай көмектескен.
Атап айтқанда, шетелдік азамат қыздың оқу ақысын, ипотекасын төлеп, оның бауырының емделуіне қаражат бөлген. Сонымен қатар қымбат сыйлықтар тарту еткен.
Бұдан бөлек, ер адам 150 қонаққа арналған үйлену тойын ұйымдастыру үшін ақша аударып, қалыңдықтың отбасына қалыңмал ретінде алтын бұйымдар берген.
Алайда тойға аз уақыт қалғанда күтпеген жайттар анықталған. Ер адамның сөзінше, той өтетін мейрамхана брондалмаған болып шыққан. Сондай-ақ қалыңдық анасының қайтыс болғанын айтқанымен, кейін оның тірі екені белгілі болған.
Осы оқиғаға қатысты Ақтөбе облыстық полиция департаментінен түсініктеме берді. Ведомство өкілдері қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Шетелдік азаматтың арызы түскен бойда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тиісті шешім Ақтөбе қаласының прокуратурасымен келісілді», – деп мәлімдеді полиция.
Полицияның мәліметінше, ер адамға ақшасы мен мүлкін қайтару үшін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілген.