Көлігін сатамын деп сан соғып қалды: қазақстандықтар 103 миллион теңгеден айырылды
Алаяқ көліктерді қайта рәсімдетіп, ақшасын бермеген
Алаяқ автокөлік сатамыз деген желеумен қазақстандықтарды 103 миллион теңгеден астам шығынға батырған. Астанада елорда мен Қарағандының алты тұрғынын алдаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, ер адам автокөлік сатып алу-сатумен айналысқан. Ол көлік иелерімен сенімді қарым-қатынас орнатып, осыны алаяқтық жасау үшін пайдаланған.
Атап айтқанда, ол жәбірленушілерге банктер автонесие рәсімдеуге мақұлдау берген сатып алушыларды тапқанын айтқан. Осыған сенген көлік иелері автокөліктерін қашықтан сол адамдардың атына қайта рәсімдеген.
Алайда мәміле аяқталғаннан кейін ер адам көлік сатушыларға уәде етілген ақшаны бермеген. Оның орнына алынған қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған.
Сот тергеуі барысында Астана мен Қарағанды қалаларының тұрғындарына қатысты алаяқтықтың алты дерегі анықталған. Күдіктінің әрекетінен жәбірленушілерге 103 миллион теңгеден астам материалдық залал келген.
«И. есімді сотталушының әрекетінен келтірілген жалпы шығын 103 миллион теңгеден асты. Сот тергеуінің қорытындысы бойынша ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, беттестіру хаттамаларымен және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталды. Прокурор қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сотталушыны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер жазаны соттың қарауына қалдырды. Сотталушы Қарағанды қаласындағы жәбірленушілерге қатысты кінәсін мойындамай, оларға алаяқтық жасамағанын айтып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Ал Астана қаласындағы жәбірленушілерге қатысты кінәсін ішінара мойындап, бұл адамдарды мәжбүрлеу арқылы алдағанын мәлімдеді», – деп мәлімдеді сот.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстардың ауырлығын, келтірілген материалдық шығынның көлемін және оның осы уақытқа дейін өтелмегенін ескерген. Сонымен қатар сотталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар мен ауырлататын жағдайлардың жоқтығы назарға алынған.
Нәтижесінде ер адам алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, оған алты жыл мерзімге автокөлік сатып алу-сату саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.
