«Ғылым қорындағы» былық: ҚМА 350 млн теңгенің грантын талан-таражға салған екі күдіктіні ұстады

Автор: Бақыт Шынар

Өсімдік майын қайта өңдеуге қатысты ауқымды жоба орындалмай қалған

Фото: Қаржы мониторинг агенттігі

Қаржы мониторинг агенттігінің Астанадағы департаменті «Ғылым қорынан» қаржы жымқырған екі күдіктіні қолға түсіріп, қамады. Оның біреуі - грант ұтып алған жеке кәсіпкер, екіншісі «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының» қызметкері, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Айта кетейік, күдіктілер жымқырды деп отырған қаражат ғылымды коммерцияландыруға бағытталған еді.

Оқи отырыңыз: «Өзімізді алдаудың не қажеті бар?»: Тоқаев Қазақстандағы ғылымнан көп пайда жоқ екенін сынады.

«Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру үшін жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған. Жеке кәсіпкер грантты игеріп жатқандай күй танытып, шын мәнінде ақшаны өзінің бақылауындағы компаниялардың шотына ақша аударған», - деп хабарлайды ҚМА.

Қаржы мониторинг агенттігі істі мұқият тексергені соншалық, олар тат баспайтын жабдықты бүге-шүгесіне дейін тексеріп, оның сапасыз қондырғы екенін дәлелдеген. Соның салдарынан өнім де жоқ, коммерцияда жоқ болған.

«Осы сыбайластықтың кесірінен мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келді. Жеке кәсіпкерге «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының» қызметкері көмектескен. Жеке кәсіпкер оған бұл «қызметі» үшін 1,7 млн теңге сыйақы берген көрінеді», - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.

Қазір екі күдікті де қамауда, сот олардың 6 көлігі, бір пәтері мен сапасыз жабдықтарына санкция салған.

Естеріңізге сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кездері Қазақстанда ғылымды дамытуға бөлінген ақшаның тиімсіз жұмсалғанын үнемі айтады. Тіпті, нақты мысал да келтірген.

Ал жуырда Құрылтайда ғылымдағы ақшаға жасалған аудит президенттің осы айтқандары дәл келгенін көрсеткен. Яғни, Жоғары аудиторлық палата149 ғылыми тапсырмаға бөлінген 67 млрд теңгенің далаға ұшқанын мәлімдеген еді.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшамызға жазылыңыздар