Полиция адам өлтірді деген күдіктіні әлі тапқан жоқ
Бүгін бірқатар БАҚ пен пабликтерде Ақтөбе қаласындағы атыс-шабыс туралы ақпарат тараған болатын. Тіпті кейбір тұрғындар оқиға болған жерге жақын тұрған балабақша бір күнге жұмысын тоқтатты деп жазған еді. Azattyq Rýhy редакциясы Ақтөбе облысының полиция департаментінен мән-жайды сұрап көрді.
Жергілікті ақпарат құралдары жазғандай, бүгін, 16 қараша күні Ақтөбеде қара маска киген ер адам жер үйге шабуыл жасап, 49 жастағы ер адамды атып өлтіргенін жазған. Күдікті ақша мен қымбат бұйымдарды қолды етіп, марқұмның көлігімен қашып кеткен.
Әлеуметтік желіде таралған видеоға сенсек, Ақтөбенің шет жағын полиция қоршап алған. Полиция қазір күдіктіні ұстауға әрекеттеніп жатыр.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, полиция күдіктінің жеке басын әлі анықтамаған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жеке басын анықтау үшін және оны ұстау үшін тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп хабарлайды Ақтөбе облысының полиция департаменті.
Осы ретте полиция жалған ақпарат таратпауды өтініп, ресми дереккөздерге сенуге шақырады.