Астанадағы шағын ломбард бес жыл бойы құны 102 млн теңге болатын алтын бұйымды заңсыз кепілге алған

Автор: Бақыт Шынар

Лицензиясыз жұмыс істеген мекекеме бұйымдарын уақытында ала алмаған азаматтарға айыппұл салып отырған

Фото: Қаржы мониторинг агенттігі

Қаржы мониторинг агенттігінің Астанадағы департаменті қалада бірнеше филиал ашып, азаматтардың бұйымдарын үлкен пайызбен кепілге алған ломбардтың қызметіне тосқауыл қойды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ломбардтың атауы  «01market». Айта кетейік, ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл ломбардтың Астанада кемі екі филиалы болған.

«Тергеу мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктінің бақылауында үш жеке кәсіпкерлік болған. Олар тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге алып, қарыз беріп келген», - деп хабарлайды ҚМА.

Ломбард шынайы жұмысын жасыру үшін клиенттерге комиссиялық сауда мәмілесі жасалғандай етіп кепіл билеттерін рәсімдеген. Олар азаматтарға қарызды 30 күн уақытқа қолма-қол берген және күніне 0,25% сыйақы есептеген.

«Қарызды уақытында қайтармағандарға қосымша айыппұл салынып, ол төленбеген жағдайда кепілге қойылған мүлік сатылған. Заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан», - деп хабарлайды ҚМА.

Айта кетейік, қазір тергеу заңсыз ақшаға кемі екі пәтер, үш көлік және екі кеңсеге арест қойған.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Алматы мен Түркістан облыстарында ломбард қызметін жүргізуге құқығы болмаса да, азаматтарға қарыз беріп келген ұйым анықталды. Тергеу дерегінше, күдіктілердің қылмыстық жолмен тапқан табысы 146 миллион теңгеден асқан.

Бұдан басқа Қазақстанда танымал блогер Сергей Койновтың «Актив Ломбард» деген ұйымы 19 млрд теңгені елден алып шықпақ болған.