Әйелін шашынан сүйреп, буындырған: Ақтөбеде такси жүргізушісі жазадан құтылып кетті

Сот ер адамның әрекетін азаптау емес, ұрып-соғу деп бағалап, оны 12 тәулікке қамауға алды

Әйелін шашынан сүйреп, буындырған: Ақтөбеде такси жүргізушісі жазадан құтылып кетті
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде такси жүргізушісі бірге тұратын әйелін аяусыз соққыға жыққан. Әйел одан қашып құтылмақ болғанда, ер адам шашынан сүйреп, кейін буындырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап. 

26 жастағы такси жүргізушісі бірге тұратын әйеліне қатысты азаптау дерегі бойынша сот алдында жауап берген. Сотта ол әйелмен ресми некеге тұрмай, екі жылдан бері бірге тұрып жатқанын айтқан. Осы уақыт ішінде бірнеше рет жауапкершілікке тартылғанымен, әйел оны әрдайым кешіріп келген.

«Ол тергеу изоляторында қамауда болған кезде түзелу жолына нық түскенін айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған. Жәбірленуші де араларында бұған дейін жанжалдар болғанын растады. Әйел бірнеше рет арыз жазып, ер адам жауапкершілікке тартылған. Алайда олар жақын қарым-қатынаста болғандықтан, кейін қайта татуласқан. Бұл жолы да әйел оны кешіріп, соттан бас бостандығынан айырмауды өтінген», – деп жазады басылым.

Алайда сот ер адамның әрекетін азаптау деп тануға негіз жоқ деген шешімге келіп, айыпты «ұрып-соғу» қылмыстық теріс қылығына қайта саралаған. Нәтижесінде такси жүргізушісі 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден босатылды. Себебі осы уақытқа дейін тергеу изоляторында бес айға жуық отырған.

Сонымен қатар сот ер адамға бір ай бойы әйелден бөлек тұруды және осы уақыт ішінде оны мазаламауды міндеттеді.