Тәжікстан басшысының сапары, Вьетнамдағы вирус, Қарағандыдағы жағдай: демалыста ел назарын аударған оқиғалар
Өткен демалыс күндері Қазақстанда көпшіліктің назарын аударған бірқатар оқиға болды
Қазақстанда өткен демалыс күндері қоғам назарын аударған бірнеше оқиға болды. Кейбірі қызу талқыланса, енді бірі көпшілікті алаңдатып, түрлі пікір туғызды. Azattyq Rýhy тілшісі ел назарын аударған елеулі оқиғаларға шолу жасап, маңызды жайттарға тоқталып өтті.
Қазақстанда өткен демалыс күндері елді елең еткізген бірнеше оқиға болды. Azattyq Rýhy тілшісі ел назарын аударған жағдайларға шолу жасап өтті.
Тәжікстан президентінің сапары. 5 қараша күні Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келген. Ал өткен сенбі күні Ақордада Тәжікстан президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Осыған дейін хабарланған мәліметтерде екі елдің басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселелерін қарастыратыны айтылған.
Эмомали Рахмонның осы жолғы сапарында Қазақстан мен Тәжікстан 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жоспарын әзірлейтіні белгілі болды.
Бұдан бөлек, екі елдің президенттері Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашып, лентасын қиды.
Вьетнамнан жаңа вирус шықты ма? Туристер жиі баратын Нячанг қаласында бұрын-соңды болмаған ауру шыққаны туралы ақпарат тарады. Туристердің бірінің айтуынша, кешкі уақытта қызының мұрны бітелген, ал таңертең дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауырған.

Фото: istockphoto.com
Мәліметтерге сүйенсек, дәрігерлер бірнеше туристің осындай ауруға шалдыққанын анықтаған. Алайда вирустың қай түрі екенін нақтылай алмай отыр.
Мәскеуден барған турист үш аптадан бері жөтелден жазыла алмай жүр. Дәрігерлер оның неден ауырғанын, қандай дертке шалдыққанын біле алмай отыр. Туристер вирус кондиционердегі микробтар арқылы таралуы мүмкін деп топшылап отыр. Бірақ бұл ресми түрде расталған жоқ.
Әйелін пышақтаған. Қарағанды облысының Абай қаласында адам шошырлық жағдай болды. Ер адам әйелімен жанжалдасып, соңында пышақ ала жүгірген. Салдарынан ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді.

Фото: istockphoto.com
Әлеуметтік желіде тараған бұл ақпаратты облыстық Полиция департаменті ресми түрде растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жедел жәрдем диспетчерінен полицияға Абай қаласының 28 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарлама түсті. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның 34 жастағы күйеуі ұсталып, қамалды. Қазір тергеу жүріп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Туған қызын ернінен сүйген. Өскемендегі оқиға әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс туды. Видеоға назар аударсақ, ер адам қолына торт ұстаған күйде кішкентай қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген.

Фото: Видеодан скрин
Бұл жайт қоғамда үлкен дау тудырғаннан кейін полиция қызметкерлері тексеру бастады. Бұл видеоны әлеуметтік желіге алғаш таратқандардың бірі өзіне полиция хабарласқанын айтты.
«Өскемен полициясынан хабарласып, видеоны өшіруді өтінді. Мен оны өшірдім. Полиция бұл отбасыны шынымен бақылауға алып, жағдайды анықтайды деп үміттенемін», – деп жазды автор.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті де бұл мәліметті растады.
«Бұл істі полиция тіркеді. Қазір тексеру жүріп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан бөлек, тексеруге білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері атсалысады.