Солтүстік Қазақстанда ер адам жұмбақ жағдайда көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Полиция оның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр

Фото: istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысында 40 жастағы ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға Тайынша ауданында болған,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға туралы әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан белгілі болды. Шақырту бойынша оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері ер адамның өмірін сақтап қала алмай, тек қайтыс болғанын растаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ауыл тұрғыны өзіне қол жұмсаған.

Оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Тайынша ауданының 40 жастағы тұрғынын өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ оған себеп болған жағдайлар мен факторлар анықталып жатыр», – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Ведомство өкілдері тергеу нәтижесі бойынша процестік шешім қабылданатынын айтты.