Оның түсірген видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті
Алматыда полицейге қызметтік формасын хэллоуинге теңестіріп, әзілдеген әйел адамның басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 31 қазан күні Алматыдағы Арбат жүргіншілер жолында болған. Сол күні кешкі уақытта 47 жастағы әйел адам қолына камера ұстап алып, полиция қызметкерінен кімнің киімін киіп алғанын әзілдеп сұрайды. Тәртіп сақшысы оның бұл сөзіне жауап ретінде аты-жөнін айтып, қызметтік куәлігін көрсеткен. Алайда оның бұл видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен.
Полиция департаментінің мәліметінше, әйел адам сақшының киімін хэллоуин костюміне теңеп, арандатушылыққа барған.
«Полицей формасын хэллоуинге теңестірген. Видеоның авторы кім екенін Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтады. Ол Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты. Әйел адам осы әзілі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – делінген ПД хабарламасында.