Ал ТЖМ баланы іздеу операциясын сәуірде ресми түрде тоқтатқан
Биыл, 2026 жылдың 23 наурызы күні Түркістан облысы Келес ауданында тұратын сегіз жасар Жаннұр Тұрсынбек деген ұл бала абайсызда өзенге ағып кеткен еді. Кейін, тура бір айдан кейін, 23 сәуір күні құтқарушылар баланың денесін іздеуді ресми түрде тоқтатқан болатын. Баланың анасы Манат Едігейқызы көз жасқа ерік беретін жазба жариялап, баласының 222 күн бұрын жоғалғанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жанымның нұры Жаннұрым. Сен кеткелі көктем, жаз, күз өтті. Балаларымсыз бір күн өмір сүре алмайтын сияқты көрінуші еді, бірақ, басқа салса бәріне шыдатады екен мына өмір. Балаңның не өлі, не тірі екенін білмей өмір сүру қандай қиын еді. Не күтеріңді, не үміт үзеріңді білмейсің», - деп жазған Манат Едігейқызы.
Бұлай десе де ол баласы тірі деген үміті әлі сөнбегенін айтады.
«Сені біреу тауып алды, сені біреу ұстап отыр, мүмкін, сен ақылыңды жоғалтып алған шығарсың деген ойлар санамда тоқтамайды. Алланың құдіретінде шек жоқ қой, біреу келіп, «балаң тірі» деп айқайлайтындай көрінеді. Сыртым бүтін, ішім түтін өмір сүріп жатырмын. Сенсіз өткен 222 күн. Күтумен, сағынумен үзілмем үмітпен өмір сүріп жатырмын», - деп жазған ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың 23 наурызында баланың анасы құтқарушыларға телефон шалып, 2018 жылы туған Жаннұр Тұрсынбек атты баласының Келес өзеніне ағып кеткенін айтқан. Ақпарат түсе сала құтқарушылар мен полиция, жергілікті әкімдік пен еріктілер баланы іздеуге кіріскен. Операция кезінде өзен, оның айналасы түгел қаралған.
«Арнайы техника мен дрон қолдадық. Құтқарушылар ауа райына қарамай, баланы күні-түні іздеді. Бірақ, осы шараларға қарамастан, баланы таба алмадық. Сондықтан, 2026 жылдың 23 сәуірінен бастап ресми түрде іздеуде тоқтаттық», - деп хабарлаған еді сол кезде құтқарушылар.