Тұрғындар кәріз жүйесіндегі ақауды жою үшін билікке үндеу жасады
Павлодар облысындағы жаңа үйлердің тұрғындары жертөлелерді кәріз суы басып қалатын коммуналдық мәселені шешуді сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Astana телеарнасына сілтеме жасап.
Ақсу қаласында төрт көпқабатты үйдің тұрғындары кәріз жүйесіндегі тұрақты апаттарға шағымданады. Жертөлелерді лас су басып, кіреберістерден өткір жағымсыз иіс шығады. Ал ғимараттардың ішінде егеуқұйрықтар мен ұсақ шыбын-шіркей пайда болған.
Төрт үйдің барлығы шамамен төрт жыл бұрын пайдалануға берілген. Пәтерлерді баспана кезегінде жылдар бойы тұрған азаматтар – мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасылар мен жетім балалар алған. Алайда тұрғындардың айтуынша, коммуналдық мәселелер қоныстанғаннан кейін бірден басталған
«Жертөлеміз үнемі суға толып тұрады. Кіреберістің бәрінен сұмдық иіс шығады. Әсіресе төменгі қабаттарда қатты сезіледі. Бірақ иіс жоғарғы қабаттарға да жетеді. Кіреберісте егеуқұйрықтар да жүгіріп жүр», – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Мария Пирогова.
Жертөлеге түсу мүмкін емес – іші түгелдей нәжіспен араласқан суға толған. Кіреберістерден өткір, қолайсыз иіс шығады. Тұрғындардың сөзінше, үй орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Лас су сорғының көмегімен арнайы құдыққа айдалады. Алайда сорғы кейде істен шығады. Соның салдарынан құдық толып, кәріз қалдықтары жертөлені басқан.
«Кәріз жүйесінен шығатын қалдықтың бәрі бізге қарай ағады. Өйткені біздің үй төменде орналасқан. Енді осының салдарынан шыбын-шіркей мен егеуқұйрықтар пайда болды. Тағы қандай жәндіктер барын білмеймін. Бізге көмектесулеріңізді сұраймын. Қаражат бөліп, құдықтар салып, бөлек кәріз шығару жолдарын қарастырсаңыздар екен. Басқа үйлердегідей қалыпты жағдайда өмір сүргіміз келеді. Бұл үйлерді ондаған жыл бойы күткен мүгедектігі бар адамдар тұрады», – дейді Ақсу қаласының тұрғыны Алмагүл Әлғужинова.
Ал коммуналдық қызмет өкілдері мәселенің туындауына тұрғындардың өзі кінәлі екенін айтады. Олардың сөзінше, тұрғындар унитазға қатты қалдықтар мен гигиеналық заттарды тастайды. Ал кәріз құдығындағы суды сору жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
«Сорғы станциясын қайта жаңғырту керек. Мәселені шешудің жалғыз жолы – осы. Ал жертөлені су басуына келсек, бұған су арнасы жауапты. Біз өз тарапымыздан үйлерді аралап, өтінімдер беріп, жертөлелердегі суды сорғызып жатырмыз», – деп түсіндірді «Домкомхоз» ЖШС басшысы Айнұр Кеңесова.
Ал коммуналдық қызмет өкілдері кәріз жүйесінің ақауларына не себеп болғанына өз уәждерін айтып ақталды.
«Кәріз жүйесінің тікелей қосылмауына коллекторлардың алыс орналасуы себеп. Үйдегі су деңгейі талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан осы төрт үйге жеке кәріз жүйесі орнатылған. Енді бөлек жоба әзірлеу қажет. Ол келесі жылға арналған әкімшілік бағдарламаға енгізілді», – дейді «Су Арнасы» КМК директоры Құмар Ибраев.
Жобаның қашан дайын болатыны және оған бюджеттен қаражат бөлінетіні әзірге белгісіз. Алайда үйдің инженерлік желілері бастапқыда дұрыс жобаланбағаны анық. Бұған қоса, тұрғындар жағымсыз иістен бөлек, төбеден су ағатынына, плиталар арасынан жел өтетініне және құмырсқалардың көбейгеніне шағымданады.