Тоқ соғып, мүгедек болып қалған: Қарағандыда комиссия жұмысшыны да кінәлі етпек болған

Жұмысшы ауыр жарақат алып, I топ мүгедегі болып қалған

Тоқ соғып, мүгедек болып қалған: Қарағандыда комиссия жұмысшыны да кінәлі етпек болған
Фото: istockphoto.com

Қарағандыда электрмонтер жұмыс барысында жарақат алып, мүгедек болып қалды. Алайда тергеп-тексеру комиссиясы жұмыс берушінің кінәсі 70 пайыз, ал жұмысшының кінәсі 30 пайыз деген қорытынды шығарған. Комиссияның шешімімен келіспеген ол сотқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Электр монтері бригадамен бірге электр беру желісінде апаттық-қалпына келтіру жұмысын жүргізген. Алайда желіге кернеу беріліп, соның салдарынан жазатайым оқиға болады. Салдарынан жұмысшы ауыр жарақат алып, I топ мүгедегі болып қалған.

Жұмыс барысында қызметкер қауіпсіздік шараларын толықтай сақтағанмен, комиссия оның да кінәсі бар деген шешімге келген. Осыдан кейін ол сотқа жүгінеді. Бірінші сатыдағы сот та жұмысшының қателігі бар деп талабын орындаудан бас тартқан.

Дегенмен апелляциялық саты бригаданың оқиға орнына жіберілгенін, ал жерге тұйықтау құрылғысы кернеудің жоқтығы тексерілгеннен кейін ғана орнатылғанын анықтады. Осыған сәйкес, жұмыс барысындағы қауіпсіздік мекеме басшысына жүктелетінін айтып өтті.

Ал комиссия электрмонтердің ісінде өрескел қателік болғанын және оның әрекетінен апат туындағанын дәлелдей алмаған.

«Сот жазатайым оқиға жұмыс берушінің қауіпсіздігін тиісінше ұйымдастырғаны, оның ішінде жұмыс барысында электр желісіне кернеу берілуінің алдын алмағаны салдарынан болған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде Қарағанды облыстық соты талап қоюды қанағаттандырып, арнайы тергеп-тексеру актісінен қызметкердің 30% кінәсі туралы қорытындыны алып тастады. Сот актісі заңды күшіне енді», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.