Қызуы көтерілген: Жаңаөзенде үш жасар бала бір ай комада жатып көз жұмды

Анасы Денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайды

Қызуы көтерілген: Жаңаөзенде үш жасар бала бір ай комада жатып көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлімай Ізтілеуова Жаңаөзен ауруханасында үш жасар ұлына көрсетілген медициналық көмектің сапасын тексеруді сұрап, Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінді. Бала 30 күн комада жатып, көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қара жамылған ананың айтуынша, 5 қыркүйекте таңғы сағат 09:00 шамасында өзін ұлымен бірге жедел жәрдем ауруханаға жеткізген. Әйелдің сөзінше, баласының дене қызуы күрт көтерілген. Ол бұған дейін тараған улану туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Ананың сөзінше, ауруханаға түскен кезде баланы тиісті деңгейде тексермеген. Ал ауруханаға жатқызылғаннан кейін оған баласына қандай дәрілер беріліп жатқанын түсіндірмеген.

Шамамен сағат 11:40-та баланың денесі құрыса бастаған. Әйелдің сөзінше, дәрігер реланиум тағайындаған. Дәрі егілгеннен кейін бала бірнеше сағат бойы оянбаған.

«Бір сағат өтті, екі сағат өтті, бес сағат өтті, бірақ балам оянбады», – деді Гүлімей Ізтілеуова.

Ол медицина қызметкерлеріне бірнеше рет жүгінгенімен, ұлының жағдайы туралы нақты түсініктеме ала алмағанын айтады. Баланың жағдайы неліктен нашарлағанын және оның ем-доммен байланысты болуы мүмкін бе деген сұрақтарға мамандар жауап беруі керек.

Баланы жансақтау бөліміне қашан ауыстырған?

Ананың естелігіне сүйенсек, баланың миына компьютерлік томография тек кешкі сағат 19:40 шамасында жасалған. Тексеруге баланы өзі көтеріп апарған.

КТ-дан кейін бала жансақтау бөліміне ауыстырылған. Әйелдің айтуынша, оған ұлының басында гематома бар екенін айтқанымен, бұл жағдайға қатысты толық түсініктеме берілмеген.

Ізтілеуованың сөзінше, келесі екі күнде бала есін біліп, тамақ ішіп, жақындарымен сөйлескен.

«Үшінші күні балам комаға түсті. Содан бастап қайтыс болғанға дейін есін жиған жоқ», – деді анасы.

Отбасы неліктен тексеру жүргізуді талап етеді?

Ізтілеуова туыстары мамандардың кеңесін алу үшін өздері әрекет етуге мәжбүр болғанын алға тартты. Оның сөзінше, отбасы Президентке видеоүндеу жолдап, бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгеннен кейін Астана мен Ташкенттен дәрігерлер келген.

Сондай-ақ ананың медициналық құжаттарға, тағайындалған ем-дом мен егілген дәрілердің есебіне қатысты сұрақтары бар. Ол ауруханадан берілген құжаттағы кейбір мәліметтермен келіспейтінін, ал қымбат дәрілердің бір бөлігін отбасы өз қаражатына сатып алғанын айтты.

Әйел Денсаулық сақтау министрлігінен істі бақылауға алып, ұлына көрсетілген медициналық көмектің барлық кезеңін тексеруді сұрайды.

«Баламның ісін басынан аяғына дейін тергеп, әділ шешім шығаруды сұраймын», – деді Гүлімай Ізтілеуова.