Астанада екі шетелдіктің көлігінен қауіпті заттар салынған чемодан табылды (ВИДЕО)

Екі шетелдік ұсталып, көлігінен және бірінің сөмкесінен жалпы салмағы бір келіден асатын есірткі заттары тәркіленді

Астанада екі шетелдіктің көлігінен қауіпті заттар салынған чемодан табылды (ВИДЕО)
Фото: Астана қаласы ПД

Астанада полиция көлігінен ішінде қауіпті заттар бар чемодан табылған шетелдіктерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорданың Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елордада тыйым салынған заттарды сақтады және таратты деген күдікпен шетел азаматтары ұсталған.

«Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау және тарату күдігімен 21 және 37 жастағы екі шетел азаматы анықталып, ұсталды. Ұсталғандар мінген Changan маркалы автокөлікті тексеру барысында салоннан чемодан табылды. Оның ішінде есірткі заты бар үш пакет және сұйық күйдегі есірткі заты салынған капсулалар болған», – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар ұсталғандардың бірінің сөмкесінен де осындай заттар табылған. Барлық тәркіленген заттың жалпы салмағы бір келіден асады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Есірткі құралдарын сақтау, тасымалдау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Елорда аумағында есірткінің заңсыз айналымын анықтау және оның таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасады», – деп еске салды полиция.