Жарылыстан бір адам ауыр жарақат алды. Бүлінген мүліктің шығынын ғимарат иесі өтейді
Атыраудағы қазандықта болған жарылыстан зардап шеккен ер адамның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондай-ақ оқиғадан бүлінген мүлікке келтірілген шығынды кім өтейтіні анықталды.
Айта кетейік, бүгін таңертең Атырау қаласындағы Авангард-2 шағынауданында үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта газ-ауа қоспасы жарылды. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан қазандықтан 12 метр қашықтықта орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріндегі терезелер мен екі жеңіл көлік зақымданған. Бір адам зардап шекті.
Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Еркін Ербөлековтің айтуынша, зардап шеккен ер адам медициналық мекемеге сағат 11:00 шамасында жеткізілген. Оның айтуынша, науқастың бірнеше жарақаты бар: беті мен жоғарғы аяқ-қолдары күйген, мидың ашық жарақатын алған.
«Қазір ол нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ербөлеков.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі келтірілген шығынды ғимарат иесі толық өтейтінін мәлімдеді. Қазір зақымданған терезелердің өлшемдері алынып жатыр. Оларды қалпына келтіру жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізеді.
Оқиғаның мән-жайын Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полиция анықтап жатыр.