Желім иіскеп, бетін балғалайды: жастар әуес болған қауіпті трендтер қандай

Автор: Маржан Інжу

19 жастағы бойжеткен спрей иіскеймін деп қайтыс болған

Фото: ЖИ

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлеуметтік желіде өз бетін өзі балғалаған балалардың видеосы тарады. Мұндай әрекетті бонсмэшинг деп атайды. Өкінішке қарай, бұл жасөспірімдердің арасында тараған бірінші қауіпті тренд емес. Кейінгі жылдары жастар қандай үрдіске бет бұрды?  Azattyq Rýhy көп таралған, бірақ пайдасына қарағанда зияны басым трендтерді еске алды.

Көлік тазалайтын сұйықтықты неге иіскейді

Былтыр карбюратор тазалайтын сұйықтыққа «сұраныс» артқан. Сөйтсек, көлігіндегі қозғалтқыштарды тазалау үшін сатып алатындардан бөлек бұл химиялық  қоспаға жастардың да назары ауыпты. Себебі дәл осы «carb» арқылы көңіл көтереді. Иіскесеңіз болғаны, масайып шыға келесіз.

Иә, ол наркотикалық заттардың есебіне тіркелмеген. Десе де денсаулыққа зияны көп. Мысалы, сұйықтықтың құрамында ацетон, толуол, көмірқышқыл газы, этилбензол, спирт секілді түрлі элемент бар. Ал мұны тек химиялық зертханада қолдану қажет. Себебі  толуол – зияны көп улы газдың бірі.

Ал сұйықтықты иіскеу ең алдымен адамның тыныс алу жолдарын ластайды, жүйке жүйесін зақымдайды. Бір-ақ рет қолданып көрудің өзі улану мен психологиялық тәуелділікке әкелсе, әрі қарай  шизофренияға ұласуы әбден мүмкін.

Бұл құбылыс жайлы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де дабыл қаққан еді.

«Құрметті ата-аналар, сіздерді аса сақ болуға шақырамын!  Балаларымыздың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, күнделікті әрекеттеріне назар аударайық. Егер кенет көңіл-күйі құбылып, киімінен бөгде иіс шықса, сөмкесінен белгісіз баллондар не бөтелкелер табылса, әлсіздік пен ауыз маңындағы қызару байқалса, бұл жай ғана шаршау немесе мазасыздық емес. Бұл – дабыл, бұл – ескерту!» – деп ата-аналарға ескерту  жасады.

Мұнымен қоса, шарға азот толтырып қызықтайтындар бар. Бұл да адамды есеңгіретіп, ағзасын улайтын, бірден тәуелді ететін тәсілдің бірі.

Лак кетіретін сұйықтық, желім мен бояуды иіскеу де кең тараған. Мұндай үрдісті «dusting» деп атайды. Яғни ес-түссіз күйге түсу үшін тұрмыстық аэрозольді өнімдерді иіскейді. Осындай трендтің құрбаны болғандардың бірі – АҚШ-тың Аризона штатында тұрған Ренна О’Рурк есімді 19 жастағы бойжеткен. Былтыр пернетақта тазалауға арналған арнайы спрейді иіскегеннен кейін жүрегі тоқтап қалған. Бір аптаға жуық жансақтау бөлімінде жатқан, бірақ дәрігерлер аман алып қала алмады.

Жануарға еліктегендер

Мінберде мәселе ретінде қаралған трендтің бірі – квадробинг. Себебі осы субмәдениет келгелі адам мен хайуанның рөлі ауысты. Өзін квадробер санайтындар жануардың маскасын киіп, төрт аяқтап секіріп, мысық құсап пырылдап, ит сияқты үритін. Сол кезде де психологтар да мұндай құбылыстың қауіпті екенін айтқан еді.

«Адам өзін тұлға ретінде сезінуі қажет. Ал жануар кейпіне ауысуды қалап, қимылын қайталау ақылға қонбайды. Сөздің ашығын айтқанда бұл қоғам үшін зиян әрі қауіпті құбылыс. Егер балаңыздан квадробердің белгілерін байқасаңыз, алдымен байыпты түрде сөйлесуді ұсынамын. Себебі ұрыс немесе дөрекі қарым-қатынас жағдайды керісінше ушықтыруы мүмкін. «Ол неге квадробикаға қызықты?» деген сауалға жауап іздеңіз. Баланың ішкі дүниесін түсініп, психикалық соққы болмайтындай әрекет жасау қажет», – деді психолог маман Сырым Елжас.

Бірақ квадроберлердің де айтары бар. Себебі ол – аэробика элементтері араласқан бейресми спорт. Ең қызығы, 2008 жылы жапондық Кеничи Ито төрт аяғымен 100 метр қашықтықты 18,5 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқаны интернетте лезде таралған. Бұл оқиға әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылық тудырды. Ал кейін адамдар жануарлардың қимылына ұқсас акробатикалық іс-қимылдарды өздерінің күнделікті әдетіне айналдыра бастаған деседі. Сол секілді 2022 жылы америкалық Колин Маклюр қашықтықты одан да жылдам жүгіріп өтті. Міне, осылай жаңа «тренд» пайда болған.

Сұлулық үшін жан пида

Сұлулық үшін денсаулығын қатерге тігу де қазір қалыпты жағдайға айналды. Мысалы бет пішінін өзгерткісі келетіндер дәл осы бонсмэшингті жасайтын көрінеді. Яғни, бетін балғаласа, бет-әлпеті өзгереді деп ойлайды, мұнымен қоса балғалап жатқанын видеоға түсіріп, желіде жария етеді. Дәрігерлер осы әдістің пайдасы дәлелденбегенін, керісінше, денсаулыққа ауыр зиян екенін ескертеді.

Бұл әлеуметтік желіде кең тараған луксмаксинг мәдениетімен байланысты. Луксмаксингті қолдайтындар сырт келбетін барынша тартымды етуге тырысады. Бірі шаш үлгісі мен тері күтіміне мән берсе, енді бірі жақ сүйегін немесе бет пішінін өзгерту үшін күмәнді, тексерілмеген және қауіпті әдістерге жүгінеді.

Бірақ сүйекке қанша соққы жасасаңыз да, оны өзіңіз қалаған пішінге келтіре алмайсыз. Керісінше, бет сүйегі мен жақ жарақатына, тістің зақымдануына және басқа да асқынуларға әкеледі.

Луксмаксингке келер болсақ,  ол сыртқы сұлулықты, күтімді немесе салауатты әдет қалыптастыруды мақсат етеді. Десек те осы интернет-трендке бет бұрғандардың  арасында сырт келбетті  белгілі өлшеммен бағалап, табиғи ерекшелікті кемшілікке балап, оны өзгерту үшін қауіпті тәсілдерді ұсынатындар бар. Сондықтан түпкі мақсатынан тайып кеткен, зияны басым тренд десек, қателеспейміз.

Осы секілді косметорексия деген де бар. Мұнда мінсіз теріге қол жеткізуге шектен тыс ұмтылу, косметикалық өнімдерді орынсыз немесе мәжбүрлі түрде пайдалану сипатталады. Биыл наурызда Dermatology and Therapy ғылыми журналында жарияланған мақалада бұл құбылысты әлеуметтік желідегі сұлулық стандарттарымен байланыстырған. Авторлар шамадан тыс күтім терінің тітіркенуіне, аллергиялық реакцияларға және адамның өз келбетіне алаңдауының күшеюіне әкелуі мүмкін екенін жазған.