Шұғыл: Шығыс Қазақстанда 9 шетел азаматы мен Қазақстан азаматы ұсталды

Олар заңсыз аң аулады деген күдікке ілініп отыр

Шұғыл: Шығыс Қазақстанда 9 шетел азаматы мен Қазақстан азаматы ұсталды
Фото: ЖИ

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында заңсыз аң аулады деген күдікпен 9 шетел азаматы және бір Қазақстан азаматы қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Дереккөзге сүйенсек, заңсыз аң аулаған көліктер туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде таралған.

«Бейнежазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелгені болжанды. «Охотзоопром» қызметкерлері жедел түрде қосымша ақпарат жинап, аталған көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екенін анықтады. Бұл мәліметті олар табиғатты қорғау полициясына берді», - деп хабарлайды министрлік.

Осыдан кейін, сол күні кешкі сағат 22:10 шамасында Зайсан қаласында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаларға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.

«Тексеру жүргізу үшін 9 шетел азаматы мен 1 Қазақстан азаматы ұсталды. 28 қазанда аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазір аталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», - деп хабарлайды министрлік.