Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы дау сотта қаралды
Қарағандыда электр монтері болып жұмыс істеп жүрген ер адамды жұмыс барысында тоқ соғып, мүгедек болып қалды. Сотта жұмысшы мен жұмыс берушінің ісі қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта белгілі болғандай, авариялық-қалпына келтіру жұмысы басталғанға дейін ер адам қажетті қауіпсіздік шараларын толық сақтап, қосымша қорғаныс құралы ретінде тұйықтау құрылғыларын орнатқан. Алайда арнайы комиссия тексеру барысында жұмыс берушінің кінә дәрежесін 70 пайыз, ал жұмыскердің кінәсін 30 пайыз деп белгілеген. Зардап шеккен адам бұл қорытындыға қарсылық білдірді.
Жұмысшы жазатайым оқиға болар күні апаттық ажырату туралы өтінімді алып, наряд берілгеннен кейін өзге әріптестерімен бірге көрсетілген мекенжайға аттанған. Тиісті рұқсат алғаннан кейін ол электр беру желісінің тірегіне көтеріліп, жұмыс аяқталған соң желіге кернеу берілген. Соның салдарынан тоқ соғып, ер адамның денсаулығына зиян келеді, артынша бірінші топтағы мүгедек болып қалады.
Бірінші сатыдағы сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартып, жұмысшының өзі өрескел абайсыздыққа жол берді деген қорытындыға келеді.
Алайда Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарды. Оған куәгердің сөздері себеп болды.
Анықталғандай, сол күні апат орнына аттанған бригада өзімен бірге тек бір ғана тұйықтау құрылғысын алып барған. Себебі, қолда бар мұндай құрылғылардың саны екеу ғана болған. Ал екіншісін басқа бригада алып кеткен. Әдетте қосалқы станциялар тарапынан жерге тұйықтау құрылғылары орнатылып, кернеу берілмейді деген есеппен бригада бір ғана жерге тұйықтау құрылғысын алып жүрген.
Осылайша сот алқасы жазатайым оқиға жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпегенінен болды деген қорытындыға келді.