«Орталық алаңда клиентке таласқан»:  Қызылордада көз алдында 14 жастағы ұлынан айырылған ана халықтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Автор: Маржан Інжу

Оқиға 21 қазан күні болған

Фото: threads.com/share/DjE8hWXot/

21 қазан күні Қызылордада 14 жастағы жасөспірім адам қолынан қаза тапты. Марқұмның анасының айтуынша, ұлының жүрек тұсына 13 жастағы бала бұрағыш сұққан. Жақындары қайғылы оқиғаға дейін де жанжал болғанын айтып, істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Ал полиция күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаның мән-жайын Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді.

Анасына көмектесу үшін Орталық алаңда жұмыс істеген 

Марқұм Нұрислам Раушанбек қаладағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектепте 9-сыныпта оқыған. Анасына көмектесу үшін Орталық алаңда ойыншық көліктерді жалға беріп, отбасына қолғабыс еткен.

Анасы Меруерт Танатова әлеуметтік желіде жариялаған видеосында баласынан 21 қазан күні кешкі уақытта айырылғанын айтты.

«Қазақ халқым, сіздерден көмек сұраймын! Қызылорда қаласындағы Орталық алаңда 14 жастағы баламды Мирас атты 13 жастағы бала көз алдымда, жүрек тұсына бұрағыш тығып өлтірді», – деді ол.

Осы жағдайға байланысты Нұрисламның әпкесі де Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Ол отбасына түскен ауыр қасіретті айтып, істің толық әрі әділ тергелуіне қоғам назарын аударуды сұрады.

«Інім ауруханаға жетпей, сол жерде көз жұмды. Бұл – біздің отбасымыз үшін орны толмас қайғы. Інімнің өмірі қыршыннан қиылды. Осы қайғылы оқиғаға қатысты шындықтың беті толық ашылып, әділдік орнағанын қалаймыз», – деп жазды ол.

Әпкесінің айтуынша, адам өлтірді деген күдікті 13 жаста, сондықтан оның бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бұл марқұм Нұрисламның отбасы үшін тағы бір соққы болып тиген ақпарат. Оның үстіне әпкесі бауырының өліміне жалғыз 13 жасар жасөспірім емес, басқа да балалардың қатысы бар болуы мүмкін дейді. 

«Тергеушіге өзіміз барып, полицияның табылдырығын біз тоздырып жүрміз»

Марқұмның анасы тергеуге қатысты сөз қозғай келе, бірнеше мәлімет айтты. Яғни, қазадан қан жұтып отырған ана үйіме бірде-бір жауапты қызметкер келген жоқ, ешқандай түсініктеме алған жоқ дейді. Керісінше, зар илеп қалған ана мен баланың әпкесі бөлімшеге өздері барып, табалдырығын тоздырып жүрген көрінеді. Ашуға берілген әйел «қылмыстық іс осылай тергелуші ме еді?!» деп ызаланды.

«Кінәлі бала қазір қамауда  жатыр дейді. Бірақ бізге толық ақпарат айтылмады. 14 жасқа дейін сотталмайды екен, сонда адам өлімі оңай ма, кінәлілер жазасын алмай ма? 14 жасқа толуына бір ғана апта қалған. Оқиғаны Орталық алаңдағы камералар түсірді дейді. Бірақ сол камералардан ешқандай видео алынбады.  Алынған болса, барлығы тұратын еді», – деді марқұмның анасы желіге жариялаған видеосында.

Полиция қандай ақпарат берді?

Қызылорда облысының Полиция департаменті Нұрисламның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Кәмелетке толмаған баланың абайсызда өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жатыр», – делінген ведомствоның бізге берген жауабында.

Полицияның мәліметінше, тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша да қылмыстық іс тіркелген.

«Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды. Қылмыстық іс жүріп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Қайғылы жағдайға дейін не болған

Жақындарының айтуынша, бұған дейін орталық алаңда жанжал болған. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түскен еді. Кадрларда бір әйелдің Нұрисламның жағасынан ұстап, оған тиісіп жатқанын көруге болады.Көпшілік бұл жазбаны жасөспірім қайтыс болған күні жасалған видео деп ойлаған. Алайда Қызылорда облысының полиция департаменті видеодағы оқиғаның 4 қазанда болғанын мәлімдеді.

Кейін белгілі болғандай, Орталық алаңда ойыншық көліктерді жалға беретін екі кәсіпкер жұмыс істеген. Олардың қызметкерлері адам шақырып, клиент жинап жатқанда сөзге келген көрінеді. Арты үлкен жанжалға ұласқан.

 «Қайғылы жағдайға дейін баламды өлтірген жасөспірімге жұмыс  берген әйел менің ұлымды аяусыз ұрып-соқты. Видеодан көргендеріңіздей, қалтасынан бұрағыш түсті. Оның алдында да олар оқталып, бізді қорқытқан. «Балаңды ал, алып кет! Бұл жерге тұрғызбаймын!» деген сөздер де болды. Осы видео бойынша арыз жаздық. Бірақ  азаматтық арыз ретінде тіркеп, ол әйелге тек айыппұл толтырып, істі жылы жапты. Ұрған күні де 102 шақырдық. Ол кезде «заңсыз сауда жасағансыздар» деп  екі жаққа да айыппұл  толтырды. Егер сол күні ұрған балаға шара қолданса, мұндай жағдай болмас па еді?! Менің балам полицияның да салғырттығынан қайтыс болған сияқты. Бұл жерде ашылмаған шындық жатыр.  Бәрі бір-бірімен сыбайлас сияқты», – дейді марқұмның анасы.

Екі жағдайдың бір-бірімен байланысты екені жайлы әпкесі де  жазған еді.

«Бауырымның өмірден өтуіне тура бір апта қалғанда, Мирас жұмыс істеген жердегі жұмыс беруші әйел клиентке таласып, жанжал шығарыа, менің інімді тырнап, ұрып-соққан. Ең өкініштісі – бауырым оған ешқандай қарсылық көрсетпеген, қолының ұшын да тигізбеген. Нұрисламбек ешкімге күш көрсетпей, сабыр сақтаған. Видеоны мұқият қарасаңыздар, соңында бауырымды ұрған әйелдің қалтасынан бұрауыштың  түсіп кеткенін байқауға болады. Мұны жай ғана кездейсоқтық деп қабылдау маған қиын. Себебі тура бір аптадан кейін бауырымның жүрек тұсына бұрауыш сұғылуынан өмірден өтті», – деп жазды ол.

Естеріңізге сала кетейік, біз бүгін ғана Қазақстанда күн сайын кемі екі бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғанына назар аударған едік. Редакция тілшісі Қызылорданы дүр сілкіндірген осы баланың өлімін назарда ұстайды.