Қорқынышты статистика: Қазақстанда күніне кемі екі бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталады

Бұл туралы заң не дейді 

Қорқынышты статистика: Қазақстанда күніне кемі екі бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталады
Фото: ЖИ

Қызылордада 14 жастағы Нұрисламбектің қазасы қоғамдағы кәмелетке толмағандардың арасындағы зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтерді. Марқұмның әпкесінің айтуынша, екі бала 1000 теңге үшін дауласып қалған. Соның арасында 13 жастағы жасөспірім інісінің кеудесіне бұрауыш сұғып алған. Жанжалдың соңы баланың өлімімен аяқталды. Кәмелетке толмаған баланың қалтасына үшкір, қауіпті затты салып жүруі, тіпті оны еш ойланбастан қару ретінде қолдануы қорқыныш тудырады. Қайғылы оқиға қылмыс жасаған жасөспіріммен қатар, оның тәрбиесіне жауапты ата-ананың жауапкершілігіне қатысты сұрақтар туындатты Azattyq Rýhy мұндай жағдайда заң бойынша ата-анаға қандай жауапкершілік жүктелетінін анықтап көрді.

Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады

Қазақстанда адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту, жалпы ереже бойынша, 16 жастан басталады. Адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, қорқытып алу және терроризм сияқты қылмыстар үшін 14 жастан бастап жауапкершілік көзделген. Бұл туралы Қылмыстық кодекстің 15-бабында жазылған. Кәмелетке толмағандарға ересектерге қолданылатын барлық жаза бірдей тағайындала бермейді. Мәселен, оларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды. Жазаның түрі мен мерзімі баланың жасына, қылмыстың сипатына және істің басқа да мән-жайларына байланысты анықталады.

Ата-ана баласының қылмысы үшін автоматты түрде қылмыстық жауапқа тартылмайды. Бірақ егер ата-анасы немесе баланы тәрбиелеуге міндетті адам оны қылмыс жасауға тартса, Қылмыстық кодекстің 132-бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай әрекет үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза мерзімі баланы қылмысқа тартудың тәсіліне және қылмыстың ауырлығына байланысты болады.

Сонымен бірге сот кәмелетке толмаған баланы ата-анасының немесе қамқоршысының қадағалауына беріп, оның мінез-құлқын бақылау міндетін жүктей алады. Бұл жаза емес, тәрбиелік шара болып саналады.

Ата-ана қандай жағдайда жауапқа тартылуы мүмкін?

Ерсектерге ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабында жазылған. Баланы тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамаса, Кодекстің 127-бабы бойынша 10 АЕК айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 15 АЕК-ке дейін өседі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуы мүмкін.

Егер ата-ананың өз міндеттерін орындамауы баланың қасақана құқық бұзушылық жасауына себеп болса, 127-баптың 3-бөлігі бойынша 20 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Бұл норма баланың қасақана әрекетімен қатар, ата-ана өз міндеттерін атқармағанда қолданылады.  

12-16 жастағы бала буллинг немесе кибербуллинг жасаса, ата-анасына ескерту беріледі немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Білім беру саласындағы талаптарды орындамаса, мектеп формасына және білім беру ұйымдарындағы міндеттерге қатысты талаптарды бұзғаны үшін Кодекстің 409-бабында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бала түнгі уақытта үйден тыс ойын-сауық орындарында ересектердің қарауынсыз жүрсе, оған сай жауапкершілік бар. Ата-ананың жауапкершілігі әр оқиғаның мән-жайына қарай анықталады, өйткені бала заң бұзса, оған ата-ана тікелей кінәлі дегенді білдірмейді. Мектеп әкімшілігі, мұғалім немесе директор ата-анаға өздігінен айыппұл сала алмайды. Олар құқық бұзушылықты уәкілетті органдарға хабарлай алады.

Қорқынышты статистика

Қазақстанда кейінгі үш жылда 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмысқа барған. Бас прокуратураның мәліметінше, осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған. Бұл дегеніміз, жыл сайын Қазақстанда кемі 3500 бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасайды. Осы үш жылдың ішінде күнінде кемі ЕКІ бала ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталып кеткен деген сөз.  Тағы 3 мыңға жуығы полицияның профилактикалық есебіне алынған. Сонымен қатар биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша елімізде 800 мыңнан астам бала көмекке мұқтаж. Соңғы 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Сондай-ақ түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық тамақтану орындарына да бақылау жүргізілген. Нәтижесінде 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған. Бас прокуратура осы шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеді дейді.